Пандемия дәстүрлі БАҚ-тың интернетке көшуін жеделдетті – Болат Кальянбеков
Елордада «Astana Media Week-2021» форумы өтті

Соңғы екі жылда, яғни пандемия басталғалы Қазақстандағы дәстүрлі БАҚ-тың интернетке көшуі айтарлықтай жеделдеді. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Astana Media Week-2021» форумында «Nur Media» ЖШС бас директоры Болат Кальянбеков айтты.
Оның пікірінше, үйде оқшауланған қазақстандықтар интернетте аса белсенділік танытқан. Нәтижесінде, газет-журналдарға деген сұраныс күрт төмендеп кетіпті.
«Бұл тираждың құлдырауын күшейтті. Республика бойынша таралымдар шамамен 20-30%-ға төмендеді. Сонымен бірге, қағаз бағасының өсуі де бар. 2021 жылы типографиялық қызметтерге жұмсалатын шығындар орташа есеппен 15%-ға өсті. Келесі жылы тағы 15%-ға өсу күтілуде», - деді Б.Кальянбеков.
Оның айтуынша, баспа БАҚ-қа жарнама берушілердің де қызығушылығы төмендеген. Мәселен, соңғы бес жылда олардың үлесі 8%-дан (2016 ж., 3,7 млрд теңге) 4%-ға (2020 ж., 1,99 млрд теңге) дейін төмендеді.
«Осының бәрі баспа БАҚ-тың интернетке ауысуын тездетті. Холдинг газеттерінің редакцияларындағы қызметкерлердің 35%-ын сайттарға қайта бағдарладық. Бұл өз нәтижесін береді. Мысалы, «Литер» газетінің сайты ағымдағы жылдың ақпан-мамыр айларында ТОП-5-ке тұрақты түрде енді. Күн сайын сайтты 200 мыңға дейін оқырмандар оқыды. Бұл басылым нұсқасынан 7 есе көп. «Айқын» газетінің сайты қазақ тілді БАҚ сайттарының арасында бірінші орынға шықты. Күн сайын оны кемінде 70 мың адам оқиды. Бұдан бөлек газет сайттары жарнамадан белсенді түрде ақша тауып отыр», - деді «Nur Media» басшысы.
Айта кетейік, пандемия кезінде елімізге танымал «Экспресс К» газетінің қағаз нұсқасы шығарылымын тоқтатып, басылым толықтай интернетке көшті.
«Әрине, баспа басылымдарының толық жойылады деп те айтуға болмайды. Қалай болғанда да, газеттердің өз аудиториясы болады. Мен газетті күнделікті шағын кітап ретінде қабылдаймын. Мұнда басты назар жаңалықтарға емес, қазіргі күн тәртібін түсінуге аударылуы керек. Сараптауға көп көңіл бөлу керек, қызықты мақалалар-естеліктер. Яғни, интернеттен табылмайтын дүниелер болу керек», - деп сөзін түйді Болат Кальянбеков.