$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.09.2021, 15:52
Жаңалықтар

«Таразидің құнды кітаптары жоғалды»: Әділ Ахметов пен Тұрсын Жұртбай жазушыға жауап берді

Жазушы Роза Мұқанова Ұлттық академиялық кітапхананың бүгінде тозығы жеткенін айтып отыр

«Таразидің құнды кітаптары жоғалды»: Әділ Ахметов пен Тұрсын Жұртбай жазушыға жауап берді
фото: Ұлттық академиялық кітапхана ғимараты

Жазушы-драматург Роза Мұқанова Facebook желісіндегі парақшасында Ұлттық академиялық кітапханадағы Әкім Тарази берген кітаптардың жоғалғанын айтты. 

«Елорданың еңселі рухани ордасы Ұлттық кітапхана еді. Бұл күнде еңсесі түсіп, тозығы жеткен күркеге айналды. Жас ғалым Елдос Тоқтарбай ұлт руханиятын аяқ асты етіп отырған кітапхананың қазіргі жағдайы сын көтермей отырғанын айтыпты. Рас! Әкім Тарази жеке қорындағы кітапханасын Ұлттық кітапханаға сыйға тартқан еді. Ақыры құнды кітаптары қолды болды. Абайдың екі томдығына өз қолымен жазған жазбалары, ойлары бар еді, таппай қалдық. Осы күнге дейін өкінеміз... Ақыры Үмітхан Мұңалбаева жоғалған кітаптың орнына Абайдың басқа кітабымен алмастыра салды. Сылдырлаған құр сөз бен желдей ескен өтірік амалға қалай алданып қалдық екен... Мұндай келеңсіз жағдайдың болатынын білгенде өмір бойы жиған кітаптарды тарту етпейтін едік. Мың кітапқа ие бола алмаған кітапхана қорындағы миллионнан асатын кітаптарға қалай ие болып отыр? Жалпы кітапхана қорына қол сұғу дәстүрге айналып кеткен сияқты. Жақсылықтың нышаны емес...

Мен өзім құрмет тұтатын, аса қадірлеп сыйлайтын экс-сенатор Әділ Ахметов пен жазушы Тұрсын Жұртбайды маған қарсы айдап салғандағы Ұлттық кітапхана директоры Ү. Мұңалбаеваның мақсаты не?», - деп жазды Роза Мұқанова.

Жазушы-драматург жары - Әкім Таразидың Ұлттық академиялық кітапханаға сыйға тартқан жеке қорындағы қолды болған (ұрланған) кітаптарының қайтарылуын талап етті.  

«Алты жыл болды, бір емес, бірнеше кітап жоқ! Егер мен жала жауып отырсам, мені сотқа берсін! Ал кітаптарды тауып бермесе, үлкен адамдарды мұндай ұятты іске араластырмасын. «Өзінің бетін аямаған, өзгенің бетін шиедей етеді. Ер азаматтың қадір-қасиетін білетін қазақтың көп қызының бірімін. Бірақ ЕЛ сыйлаған азаматтардың аузын былғамасын, ОБАЛ болады.

Егер мен таныған Ә.Ахметов пен Т.Жұртбайға біздің құнды қолжазбаға айналған кітапты жоғалтып жібергенін Ү. Мұңалбаева жасырып-жаппай, шындығын айтқан болса, мені бұл кісілер: «...жымысқы мақсаты бар... ұпай жинау үшін...» деген сөздерін қор қылмаса керек-ті. Әдекең үлкен саясатта, мемлекеттік мінберде сөйлеп қалыптасқандықтан болар, мұндай жаттанды сөз тіркестерін де, амал-тәсілін де қабылдай алмадым. 80-нен асқан ақсақал шағында жеңгесінен «жымысқы мақсат іздеген»,  «ұпай жинаушылықты» көрген Әділ Ахметов пен ағам Тұрсын Жұртбай жеке қорымыздан құнды кітаптарымыздың жоғалуы  - АДАМ жоғалтумен бірдей екенін түсінер...», - деді жазбасында.

Экс-сенатор Әділ Ахметов осы мәселе турасында Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдіріп, Ұлттық академиялық кітапхана төңірегіндегі дауға қатысты ойын айтты. 

«Ұлттық академиялық кітапханада бір де бір кітап жоғалған жоқ. Кітапхана тозып, қирап кетті дегені де өтірік сөз. Керісінше, кейінгі жылдары кітапхана қоры жаңа 40 мың кітаппен толды. Бұған қоса, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр. Түрлі мемлекеттік деңгейдегі жиындар өтеді. Кітапхана директорының 2014 жылдан бастап атқарып келе жатқан жұмысын оған дейін бірде бір адам атқара алмады. Қазір бұл кітапхана ұлттық руханиятқа айналды. Оны тозып, жадап-жүдеп кетті демес бұрын, барып көзбен көру керек. Күні кеше тексеріс жүргізіліп, барлық кітап өз орнында екеніне көз жеткіздік. Оған дейін орталық музейде болған бір іс-шараға бірнеше кітап жіберіген екен. Соның барлығы қайтадан орнына қайтып келді. Әр кітаптың өз шырақшысы бар, жауапты кітапханашылар бар. Оларға жалған жала жабылып отыр», – дейді Әділ Ахметов.  

Кітапхана төңірегіндегі дауға қатысты тілшіміз жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайға хабарласты.

«Кеше осы мәселеге қатысты комиссия отырысына қатыстым. Ешқандай да кітап жоғалған жоқ. Тек бір кітап қана Ұлттық музейдегі жазушылардың кітап көрмесінде тұр», – деп түсіндірді ол.

Серіктес жаңалықтары