Елімізде тұмауға қарсы вакцинаның 2,5 млн дозасы сатып алынды
Бұл республикадағы жалпы халықтың 13% - ын қамтуға мүмкіндік береді

Коронавирустың таралу қарқыны бойынша Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстары «жасыл аймақта», Шымкент қаласы, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары «сары аймақта» орналасқан. Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстары «қызыл аймақта» тұр. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бүгінгі таңда 7,5 млн-нан астам адам вакцинаның бірінші компонентін, 6,4 млн адам екінші компонентін алды.
«15 қыркүйекте тұмауға қарсы жыл сайынғы вакцинация науқаны басталды, Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» ЖШС тұмауға қарсы вакцинаның 2 526 754 дозасын сатып алды, бұл республикадағы жалпы халықтың 13% - ын қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда шамамен 270 мың адам немесе халықтың 10,5% егілді», - деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Премьер-Министр күзде көбірек таралатын тұмау және басқа да респираторлық инфекциялар бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды қабылдаудың маңыздылығын атап өтіп, бірінші кезекте балалар, қауіп тобындағы адамдар, медицина қызметкерлері екпе қабылдайтынын ескерді.
«Халықты тұмауға қарсы вакциналауды жандандырып, медициналық ұйымдардың тұмау жұқтырған науқастарды қабылдауға дайындығын қамтамасыз ету қажет», - деді Асқар Мамин.