Ақсудағы қарттар үйінде өрт шықты
Өрттің шығуына темекі себеп болған
Өрт болған жерде жеке құрамнан 12 адам мен 4 техника жұмыс істеді, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
23 қыркүйекте сағат 18.39-да Набережная көшесі, 27 мекенжайы бойынша Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Ақсу қаласының қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өрт шыққан.
«Екінші корпустың бесінші қабатында № 14 палатада 2 ш.м. алаңда матрац жанған. Өрт сөндірушілер баспалдақ маршы бойынша 4-ші және 5-ші қабаттардан 60 адамды эвакуациялады. Автосаты қолданылды», - деді департамент өкілі.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін бөлімше қызметкерлері зардап шеккен 1937 жылы туған ер адамды эвакуациялады. Ақсу қаласының орталық ауруханасына жатқызылды. Өрт 19 сағат 09 минутта сөндірілді. Өрттің шығуына төсекте темекі шегу себеп болған.