Бұқтырма демалыс базасында өрт шықты
Өрт сөндіруге 22 адам мен 4 техника жұмылдырылды
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында Бұқтырма кентіндегі демалыс базасында шыққан өрт орманға жайылып кете жаздады, деп хабарлайды ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі.
Алтай ауданы Жаңа Бұқтырма кентінде орналасқан демалыс базаларының бірінен өрт шыққан. 2 қабатты ағаш үй отқа оранды. Үй иелері қызыл жалынды өз беттерімен сөндіруге тырысқан. Алайда соңынан өрт сөндірушілерге қоңырау шалып, көмек сұраған.
«Құтқарушылар сол жерге келген кезде өрт үйге толықтай жайылып кеткен. Жалпы ауданы 60 шаршы метр болған от қабырғаларды, шатырды, терезе мен есік блоктарын, жиһазды, тұрмыстық техника мен жеке заттарды шарпыды. Сондай-ақ өрттің жақын маңдағы үйлерге және орманға жайылып кету қаупі төнді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Өрт сөндірушілер өртті толықтай ауыздықтады. Оған барлығы 22 адам мен 4 техника жұмылдырылған.