Алматы соты бес адамды атқан тұрғынға қатысты мәлімдеме жасады
Күдікті екі айға қамауға алынды
Алматыда бес адам жайратып салған Игорь Дужнов қайғылы жағдайға дейін алты азаматтық дау мен 27 материал бойынша жауапкер болған. Бұл туралы Алматы қалалық сотында мәлім етілді.
Қалалық соттың хабарлауынша, Игорь Дужнов 2014-2021 жылдары алты азаматтық іс бойынша сотта жауапкер болды. Ол ұзақ уақыт бойы қарызын өтемеген. Сондықтан екі адам одан жалпы сомасы 6,5 миллион теңге қарызды өндіріп алу үшін жүгінген. Сонымен қатар, ЖШС бес миллион теңгені қайтару туралы және банк 118 миллион теңгені қайтару туралы талап арыз берген.
Алматы қалалық соты үш іске қатысты сот шешім шығарып, соның негізінде Игорь Дужновтан 130 миллионға жуық теңге өндірілген. Дегенмен, ол тағы үш іс бойынша айыпталған. Бұл - банктің «мүлікті өндіріп алу туралы» талабы, сонымен қатар азаматтардың «ерлі-зайыптының ортақ қарызы ретінде соманы тану және оның отбасын шығару туралы» екі талабы.
«Сот орындаушылар 27 рет сотқа жүгінді. Олар Дужновтың мүлкіне тыйым салуды және ақшаны мәжбүрлеп қайтару үшін басқа да шараларды қолдануды талап етті. Сот орындаушылары борышкердің ортақ меншіктегі үлесін анықтауды сұрады. Сонымен қатар, олар сот шешімін орындау үшін әдіс пен процедураны өзгертуді сұрады», - делінген Алматы сотының хабарламасында.
Еске салайық, 20 қыркүйек сағат 17:00 шамасында Алматы қаласындағы «Ақбұлақ» шағынауданында қайғылы оқиға болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушыларына, полиция қызметкерлеріне және ТЖД қызметкерлеріне аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде екі полиция қызметкері, бір сот орындаушысы және екі бейбіт тұрғын, соның ішінде үйдің жаңа қожайыны қаза тапты. Қайғылы оқиға салдарынан қайтыс болған бесінші адамның жаңа үй қожайынының танысы екені анықталды. Игорь Дужнов қазір қамауда отыр.
Алматыдағы атыс бойынша «Кісі өлтіру» және «Билік өкіліне шабуыл жасау» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Белгілі болғандай, оның атына қару 2008 жылы тіркелген, күдікті психиатриялық диспансерде есепте болмаған.