Жамбылда еліміздегі алғашқы кальцийленген сода шығаратын зауыттың құрылысы басталды
Түріктер салып жатқан зауыт 2024 жылы пайдалануға беріледі
Жамбыл облысында түрік инвестициясымен зауыт салына бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жамбыл облысы Сарысу ауданында кальцийленген сода шығаратын зауыттың құрылысы басталды.
«Yildirim Group» компаниясының президенті Юксель Йылдырымның айтуынша, құрылысы басталған «Qazaq Soda» ЖШС-нің кальцийленген сода өндіретін зауытының жылдық жобалық қуаты 500 мың тоннаны құрайды, болашақта 1,2 миллион тоннаға дейін артады.
Нысан құрылысына 400 миллион АҚШ доллары инвестицияланған, жоба 2024 жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі кезде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Құрылыс кезінде 1000 адам, іске қосылғаннан кейін 1300 адам жұмыспен қамтылады.
Бұл Қазақстанның өзін ғана емес, бірқатар көршілес мемлекеттерді кальцийленген содамен қамтамасыз ететін заманауи зауыт болмақ.
Серіктестер бұл іске кальцийленген сода өндірісінде қолданылатын жаңа технологияларды тартуға ниетті. Сонымен қатар, заманауи өндіріс толығымен қалдықсыз жүйеде жұмыс жасайды, қалдықтар қайта өңделетін болады.
«Бұл зауыт бауырлас ел экономикасының дамуына үлес қосып қана қоймай, көптеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді, негізінен 98-99 пайызы жергілікті тұрғындар болмақ. Энергия, су, шикізаттардың барлығы жергілікті жерден алынады. Жоба Орта Азиядағы ең ірі химия өндіріс орталығы болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылатын жоба үшін алғысымызды білдіреміз», -деді Ю. Йылдырым.
Ішкі нарықтағы сұраныс қанағаттандырылғаннан кейін екінші кезеңде зауыттың жобалық қуаттылығын жылына 1,2 миллион тонна содаға жеткізіп, қосымша 11 түрлі өнім шығарылып, шетелдерге экспорттау көзделіп отыр.
Мамандардың бағалауынша, бұл зауыт еліміздің импорттық тәуелділіктен құтыла отырып, қазақстандық кальцийленген соданы Ресей мен бірқатар Орталық Азия елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді.