СҚО-да 6 млн теңгеден сыйақы алған әкімдік қызметкерлерінің әрекеті әшкере болды
Игерілмеген қаржыны он маман сыйақы тағайындау арқылы өзара бөліп алған
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық әкімдігінің 10 қызметкері бюджеттегі «артық ақшаны» игеру мақсатында әрқайсысы 6 млн теңгеден сыйақы алған. Мемлекеттік қызметшілердің әрекеті облыстық тексеру комиссиясы жүргізген аудит кезінде әшкере болды, деп хабарлайы Azattyq Rýhy тілшісі.
Облыстық тексеру комиссиясының аудиторлары сәуір айында экономика және қаржы бөлімін тексерген. 2020 жылы қазынадағы игерілмеген қаражатты бөлімдегі он маман сыйақы тағайындау арқылы өзара бөліп алған. Бірнеше айдың төлемін қосқандағы мөлшері 60,5 млн теңгеге дейін жеткен. Әр адам айына 504 мың теңгеден алып, барлығы 6 млн теңгеден қалталарына басқан.
Аталған фактіге байланысты облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Тілеген Каскин «2020 жылға арналған жекелеген жергілікті бюджеттерді жоспарлау және орындау, аумақтық дамыту бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ мемлекет активтерін пайдалану тиімділігін мемлекеттік аудит бойынша жүргізілген тексеру іс шарасының қорытындылары туралы» қаулы шығарып, Қызылжар аудандық экономика және қаржы бөлімінде анықталған кемшіліктерді жою, жауапты мамандардың жауапкершілігін қарау нұсқамасы тиісті орындарға жіберілген. Өз құзыретіне сәйкес іс жүргізу үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.
Қаржы және бюджеттік саясат секторының бас мамандары Д. Жағыпарова мен А. Сыздықовты сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тарту жазасы тағайындалған. Бөлім бастығы С. Қасенова жұмыстан өз еркімен кеткен. Оған қосымша сыйақыға заңсыз төленген 60,5 млн теңгені өндіріп алу бойынша жүктелген міндет орындалмаған күйі қалған. Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тікелей міндетін орындамағаны үшін аудан әкіміне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салған.