Қазақстанның ең лас қалалары аталды
Жол карталары атмосфераның ластану индексін төмендетуге мүмкіндік бермек
Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі экологиялық проблемаларға, әсіресе ауа сапасына баса назар аударуды тапсырды. Орта мерзімді перспективада неғұрлым ластанған 10 қаланы газдандыру және баламалы энергия көздеріне көшіру қажет. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов мәлімдеді.
«Қазгидрометтің» экологиялық мониторингінің нәтижелері 2020 жылдың қорытындысы бойынша 45 өнеркәсіптік қала мен мегаполистің 10 қаласы атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жататыны көрсетілді. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары. Республика қалаларында атмосфералық ауаның ластану себептерін үш санатқа бөлуге болады. Мәселен, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ластанудың негізгі пайызы жылу көздеріне (қазандықтар), автокөлікке және жеке секторға тиесілі. Өскемен және Теміртау қалаларында эмиссиялардың ең көп көлемі өнеркәсіпке тиесілі. Ақтөбе және Атырау қалаларында ескірген кәріздік-тазарту құрылыстары жоғары ластанудың себебі болып отыр», - деп атап өтті Зұлфұхар Жолдасов.
Ол сондай-ақ, министрліктің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы аясында экологиялық проблемалар мен оларды қоғаммен, әсіресе, барлық өңірлердегі экобелсенділермен шешу жолдарын қарастырғанын атап өтті.
«Талқылау нәтижелері бойынша жұртшылықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп 17 Жол картасы әзірленді. Оларда барлығы 485 іс-шара қарастырылған. 2021 жылы 95 іс-шара өткізу жоспарланған. 2025 жылға қарай Жол карталарын іске асыру 10 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді, бұл атмосфералық ауаның жай-күйін жақсартуға ықпал етеді», - деді Жолдасов.