Мәжіліс заң жобасын мақұлдады: енді қоғам өкілдері жануарлардың панажайларын тексере алады

Статистика көрсеткендей жануарларды стерилизациялау әдісі Еуропа елдерінде тиімсіз болып шықты

Мәжіліс заң жобасын мақұлдады: енді қоғам өкілдері жануарлардың панажайларын тексере алады
Фото: depositphotos.com

Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

«Қоғамда да, сарапшылар ортасында да жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту мәселесі жиі көтеріліп жүр. Ашық айтайын, біз осыған қатысты тиісті нормаларды дайындадық», – деді Еділ Жаңбыршин.

Осыларды ескере келе депутаттар негізінен мынандай түзетулер ұсынған екен:

  • жануарларды ұстау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейту;
  • үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бұзу салдарынан азаматтардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіру;
  • жануарларды өлтіру және кәдеге жарату қағидаларын бұзу;
  • сондай-ақ жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту.

«Алайда бұл нормалар бүгін қаралып отырған заң жобасына бір қарапайым объективті себеппен енген жоқ. Өйткені осы заң жобасының ілеспе пакетінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс пен Қылмыстық кодекс жоқ. Сондықтан бұл бағыттағы түзетулер әзірленді, тиісті қорытынды алуға жолданды және басқа жеке заң жобасы шеңберінде қаралады. Мұны арнайы айтып отырған себебім — мемлекет тек жануарларды аулау мен ұстауды ғана реттеп отыр деген түсінік болмауы керек.Біз иелердің жауапкершілігін де, жануарларды қатыгездіктен қорғау блогын да жүйелі түрде күшейтіп келеміз.Яғни бұл жерде сөз фрагменттік шешімдер туралы емес, жүйелі заң шығару жұмысы туралы болып отыр», – деді Еділ Жаңбыршин.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдердің басым бөлігінде қаңғыбас жануарлар санын реттеудің негізгі тәсілі – қайтарымсыз аулау (панажайда өмір бойы ұстау немесе эвтаназия). Ал заңнамалық деңгейде тек Үндістанда бекітілген.

Норвегия, Исландия, Латвия, Франция, Мексика, Эстония, Австралия, Ұлыбритания, АҚШ, Финляндия, Швеция, Ирландия, Малайзия, Дания, Канада, Жаңа Зеландия, Португалия, Черногория, Румыния, Багам аралдары, Бельгия, Литва, Жапонияда – иесі анықталмаған жағдайда жануар панажайға жіберіледі немесе эвтаназия жасалады.

Италия, Германия, Австрия, Испания, Израиль, Венгрия, Словения, Хорватия, Чехия, Швейцария, Коста-Рика елдерінде ұсталған иттер панажайларда табиғи өліміне дейін ұсталады.

Сонымен қатар, бұл әдістер жануарлар санын айтарлықтай азайтты деген нақты дәлелдер жоқ.

Мысал ретінде, Сингапурда соңғы 5 жылда 7000 қаңғыбас иттің 2229-ы жаңа иелерін тапқан, ал 1347-сі қайта жіберілген.

АҚШ тәжірибесі жануарларды қорғау ұйымдарының белсенді жұмысы эвтаназия деңгейін айтарлықтай төмендететінін көрсетеді: 56%-дан 9,5%-ға дейін.

Жалпы, әлем елдерінде қаңғыбас жануарлар санын реттеу кешенді тәсілге негізделеді, онда жануарлардың әл-ауқаты мен қоғам қауіпсіздігі қатар ескеріледі. Эвтаназия тек соңғы шара ретінде қарастырылады.