Түркістанда әйелімен ренжісіп қалған ер адам асылып өлмек болды (ВИДЕО)

Ер адамды полиция қызметкерлері құтқарып қалды

Түркістанда әйелімен ренжісіп қалған ер адам асылып өлмек болды (ВИДЕО)
Фото: istockphoto.com

Түркістан қаласында әйелімен ренжісіп қалған ер адам мас күйінде асылып өлмек болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының 6-взвод қызметкерлері Серікбай Сламхан мен Ералы Найзабек жедел әрі кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде адам өмірін сақтап қалды.

«Олар қызметтік міндеттерін атқару барысында отбасылық жанжалға байланысты «102» арнасы арқылы шұғыл шақырту алған. Оқиға орнына дер кезінде жеткен тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынның масаң күйде өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын анықтады. Ол қақпаға байланған арқанға асылып, өміріне қауіп төндіріп тұрған.

Полиция қызметкерлері бірден жедел әрекетке көшіп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Азаматқа дер кезінде көмек көрсетіліп, оның өміріне төнген қауіп сейілді. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ, жағдайы бақылауға алынған», – делінген облыстық ПД хабарламасында.

Аталған жағдай полиция қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі мен жедел әрекетінің, сондай-ақ батылдығының айқын дәлелі. Олардың үйлесімді әрі нақты іс-қимылының арқасында адам өмірі аман сақталды.