Бала сатқандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады
Марат Ахметжанов таныстырған заң жобасы Парламент Сенатында қаралып жатыр
Парламент Сенаты «Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл заң жобасын Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Мәжілісте сәтті таныстырып, төменгі палата депутаттарының қолдауымен Сенатқа жеткізді.
Азаттық рухы Мәжілістен хабар таратқандай, бұл заң жобасы педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды, ұрлықтың кез келген түрін аса ауыр қылмыс түрлеріне жатқызуды, мас күйінде көлік жүргізіп, қылмыс жасаса, он жылға соттауды және өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыруды көздейді.
Бұл заң жобасының тағы бір жаңалығы – бала асырап алу жөнінде ұлттық агенттік құру. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, ұсынысты «әлеуметтік жауапкершілігін сезінген» бизнесмендер ұсынып отыр. Айта кетейік, осы ұлттық агенттік құруды қатты қолдайтын олихаргтардың бірі – Айдын Рахымбаев.
«Қазір Қазақстанда бала асырап алуға көмектесетін 20 шетелдік агенттік бар. Алайда, заң біздің қазақстандық агенттіктердің іс-қимылы қандай болатынын көздемейді. Шетелдік агенттіктердің жұмысы көбіне балаларды іздеуге, басқа мемлекеттердің тәрбиесіне беруге бағытталған. Қазір осы заң жобасы арқылы бала асырап алу жөніндегі Ұлттық агенттік құруды көздейміз. Себебі, заң жобасы Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процесуалдық кодексті жетілдіру ғана емес, жалпы, азаматтарымыздың жеке басына қол сұқпауын қамтамасыз ету. Осы заң жобасында кәмілетке толмаған балалардың мәселесін балалардың құқығын қорғау контексінде қарап отырмыз. Осы контекст арқылы бала асырап алуға көмектесетін агенттік құрылады, ол агенттіктер мемлекеттік аккредитациядан өтеді», - дейді Марат Ахметжанов.
Алайда, Бас прокурордың орынбасары айтқандай, ол агенттікке ешқандай мемлекеттік уәкілеттік берілмейді.
«Осы салада уәкілетті орган бар, бақылаушы және тексеруші орган бар, яғни, баланы асырауға беру туралы шешімді сот қана шешеді», - дейді ол.
Ал, құрылайын деп отырған ұлттық агенттік консультативті психологиялық көмек көрсетіп, бала асырап алушыны оқыту жұмыстарын жүргізеді.
«Ұлттық агенттік құру туралы бастама біздің бизнесмендердікі, олардың қоғам мен мемлекет алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі», - деді Бас прокурордың орынбасары.
Ал, баланы заңсыз жолмен асырауға мүмкіндік бермей, сатқан адамдардың жазасы аса ауыр қылмысқа тең.
«Бала сату деген – адам сату. Әсіресе, кәмілетке толмаған баланы сату – аса ауыр қылмыс болып саналады. Аса ауыр қылмыстың жазасы 12 жылдан бастап өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін көзделген», - деді Ахметжанов.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан