$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.11.2019, 10:41
Жаңалықтар

Бас прокуратура педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды ұсынды

Балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылықты жасырған азаматтар да қатаң жазаланбақ

Бас прокуратура педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды ұсынды

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Жобаны депутаттарға таныстырған Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов педофилдерге жазаны барынша қатаңдатуды ұсынды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Марат Ахметжанов өзгерістер негізі үш бөліктен тұратынын айтты. Біріншісі – ұрлық-қарлыққа қарсы жазаны күшейту, екінші – жыныстық қатынастағы қылмыстар, үшінші – есірткі қылмысы мен браконьерлерге қатысты жаза бөлігі.

«Осы өзгерістердің екінші бөлігі жыныстық қатынастағы қылмыстар туралы болмақ. Зорлау мен сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер үшін жаза күшейеді. Атап айтсақ, зорлау, яғни, жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау орташа ауыр қылмыстан ауыр қылмыстар санатына енеді. Бұл жерде татуласу болмайды», - деді Бас прокурордың орындасары.

Ол сондай-ақ, педофилдер үшін де жазаны күшейтуді ұсынды.

«Ал, балаларға қатысты осындай қылмыстар үшін жаза тіптен қатал болмақ. 14 жасқа толмаған балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін кемі 20 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылып отыр», - деді Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, Бас прокурордың орынбасары мәлім еткендей, бұл заң жобасымен педофилияға қатысты айғақтарды бұрмалағаны үшін, тек қана бұрмалап, жасырып қана қоймай, біліп тұрып, хабарламағаны үшін жауапкершілік көзделген. Бас прокуратура бұл әрекеттерді жәй қылмыстан ауыр қылмыстар санатына жатқызуды ұсынып отыр.

«Мысалы, интернатта тәрбиеленіп жатқан балаларға қарсы қылмыстарды тәрбиеші жасырған болса, тиісті жауапкершілік көделген», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда қоғамды қатты шошытқан соңғы педофилия қылмыстарының бірі – Таразда болды. Онда тал түсте мектеп сыртындағы дәретханада жасы қырыққа таяған педофил 12 жасар оқушы қызды зорлап кеткен.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары