ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 820 адам коронавирус жұқтырған

«Соғымды ауылдағы анамнан аламын» - Бас прокурордың орынбасары

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Қазақстанда мал ұрлығына «қамқорлық» жасап отырған шенеуніктер мен  құқық қорғау органдарының қызметкерлері дейді

Осы жүйедегі қылмыстарға тосқауыл қою үшін Бас прокуратура мал ұрлығын аса ауыр қылмыстар санатына жатқызып, осындай қылмыста татуласу рәсімін алып тастауды ұсынып отыр.

«Қазақстан халқының  42 пайызы ауылда тұрады. Мал деген олардың күн көрісі, бизнестерінің тіркегі. Қорасынан малын ұрлап әкеткені ол отбасылар үшін  үлкен трагедия деп есептейміз. Сондықтан, мал ұрлығының жазасын күшейту мақсатында жаңа бап енгізіліп отыр. Біраз құрамдар ауыр қылмыстар санатына өтеді, ол дегеніміз – татуласуға тыйым салынады», - дейді ол.

Марат Ахметжанов айтқандай, «бұл жүйелі қылмысты» кейбір азаматтар кәсіпке айналдырып алған.

«Ұрланған малды тасымалдайтын адамдар бар, сататын адамдар бар, жалған құжат жасайтындар бар, осының бәріне қамқоршылық жасайтын шенеуніктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, біреудің «қолдауы болмаса», ұрланған малды оп-оңай тасымалдап, базарға әкеліп сатып, жалған құжат алып, одан пайда көру мүмкін емес.

«Тергеу барысында осыған қатысты адамдардың жазасын беруге оқталып отырмыз», - дейді ол.

Соғым маусымында еттің бағасы шарықтап кететінін ескерсек, Марат Ахметжанов айтып тұрған шенеуніктер мен лауазымды тұлғалардың да қалтасы толатыны сөзсіз. Прокурордың өзі етті базардан емес, ауылдағы туыстарынан ғана алатынын айтты.

«Соғымды ауылдан аламын. Ауылда туысқандарым бар, үлкен шешемнің ағалары бар, солардан аламын», - дейді ол.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан