Павлодарда дүкен тонаған кіші полиция сержантына қатысты сот үкімі шықты
Материалдық шығынды жас жігіттің ата-анасы толық өтеген
Павлодар қаласының №2 соты Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімінің 23 жастағы кіші сержантына қатысты үкім шығарды. Айыптаудың мәліметінше, қызметте жүргенде Макаров тапаншасымен қаруланған кіші сержант төрт қарақшылық шабуыл жасаған. Әр қылмыстың алдында киім үлгісін азаматтық киімге ауыстырып отырған. Тәртіп сақшысы тапаншамен қорқытып, ақшаны «Қазпошта» АҚ, қарыз беру ЖШС кассирлерінен, сондай-ақ екі дүкеннен алып кеткен.
Сотталушы сот отырысында бұл әрекетін ішінара мойындады, жәбірленушілер мен куәгерлер де жауап берді. Бұдан басқа, сот заттай дәлелдемелерді, оның ішінде оқиға орнынан алынған ақша мен ауыстырған киімді де ескерді.
Прокурор бұрынғы полиция қызметкерін тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер прокурормен келісті. Сотталушы үкімді жеңілдетуді сұрады.
Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 3-бөлігінің бұл санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
«Ант қабылдаған адамның қылмыс жасауын ауыр жағдай ретінде ескере отырып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды», – деп хабарлады Павлодар қаласының №2 сотында.
Сонымен қатар, ол кіші полиция сержанты атағынан айырылған. Материалдық шығынды жас жігіттің ата-анасы толық өтеген.
Еске сала кетейік, биыл ақпан айының соңында әлеуметтік желіде бетіне медициналық маска таққан, қолына қару ұстаған ер адамның дүкенге кіріп, кассадағы әйел адамнан ақша беруді талап етіп жатқан видеосы тарады.
Көп ұзамай, бұл оқиғаның Павлодар қаласында болғаны анықталды. Павлодар облысы Полиция департаментінің өкілдері оқиғаның ізін суытпай, дүкенге қарақшылық шабуыл жасап, кассадағы әйелден 120 мың теңге ақша тартып алған 22 жастағы азаматты қолға түсірді. Тіпті, күдікті сол күні тағы бір дүкенді тонаған болып шықты.
Бір қызығы, қару кезініп, дүкен тонамақ болған күдіктінің Павлодар станциясының желілік полиция бөлімінің қызметкері екені анықталды. Бұл ақпаратты ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер растады.