$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.12.2019, 05:43
Жаңалықтар

Ақмола облысында сотқа 2 мың теңге бермек болған азаматқа айыппұл салынды

Ол енді 353,5 мың теңге төлеуі тиіс

Ақмола облысында сотқа 2 мың теңге бермек болған азаматқа айыппұл салынды
Фото: ашық дереккөзден

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдарға лауазымдық міндеттерін орындау кезінде сыйлықтар мен өзге де игіліктер мен артықшылықтарды қабылдауға тыйым салынатынын еске салады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, биыл заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін бірнеше жеке тұлға жалпы сомасы 1 миллион теңгеден астам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Ақмола облысының тұрғыны «Қазпошта» АҚ пошта байланысы арқылы Көкшетау қалалық сотына некені бұзу бойынша істі қарауды жеделдету туралы өтінішпен хат салынған конвертті және номиналы 2 000 (екі мың) теңге ақша купюрасын жіберді. Осы үшін ол 353 500 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес, жеке тұлғалардың мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер немесе қызметтер көрсеткені үшін, егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері болмаса, 200 АЕК (2019 жылы 505 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын хабарлаймыз. Ал мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдардың заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер немесе қызмет алу үшін оларды ұсынған тұлғалардың пайдасына, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, 600 АЕК (2019 жылы 1 515 000 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - дейді ведомстводан.

Сонымен қатар, аталмыш департамент қызметкерлері азаматтарға жемқорлық құқық бұзушылықтардың куәсі болған кезде дереу Саll-орталығына 1424 нөмірі бойынша (қоңырау шалу тегін), сондай-ақ, аумақтық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне хабарласуға болатынын ескертеді.

Серіктес жаңалықтары