Нұр-Сұлтанда ең үлкен инклюзивті алаң ашылады
Жаңа алаң Ботаникалық саябақ аумағында орналасады
Нұр-Сұлтанда ауданы 1200 шаршы метрді құрайтын инклюзивті алаң ашылады. Ерекше қажеттілікті талап ететін балаларға арналған бұл кеңістік осы жылдың аяғына дейін пайдалануға берілуі мүмкін, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Жаңа алаң Ботаникалық саябақ аумағында орналасады.
«Есіл ауданында 1300-дей ерекше бала тұрады. Олардың өзге балалар секілді алаңсыз ойнап, көңіл көтеруіне, шынығуына қауіпсіз кеңістік керек. Үш жыл бұрын меценаттардың көмегімен Орталық паркте алғашқы инклюзивті алаң ашқан болатынбыз. Араға уақыт салып, Ботаникалық саябақ аумағында ерекше балаларға арналған екінші алаң салғалы жатырмыз. Бұл – қаладағы ең үлкен инклюзивті алаң болғалы тұр, оның ауданы 1200 шаршы метрге тең. Осы жылдың аяғына дейін жұмысты аяқтау үшін құрылысты жылдамдатамыз», – дейді Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов.
Сондай-ақ Есіл ауданы аумағында басқа да абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін Есіл өзені жағасындағы парк реконструкциядан өткізілді, «Астана Опера» театры маңына жөндеу жүргізілді, Дәрігерлер аллеясы мен емен аллеясы ашылды, Атырау көпірінің төсемі ауыстырылды. Қазіргі таңда жеті жыл бойы реконструкция жүргізілмеген Орталық парктің тақталары мен кеспе тастары ауыстырылып жатыр. Спортпен айналысатын тұрғындардың өтінішімен «Серуен» көпірі астында тротуар салынуда.
Аудандағы аулалар да жаңа кейіпке енуде. Биыл 38 аулада кешенді абаттандыру және жөндеу-қалпына келтіру жұмысы аяқталады. Одан бөлек, аудан аумағында 2 жаңа гүлзар ашылады.
«Аулаларды кешенді абаттандыру барысында теннис ойнауға арналған үстелдер, гимнастикалық алаңдар, футбол және баскетбол алаңдары, тыныш демалыс орындары, workout-зоналар, жаттығу зоналары, балалар алаңқайлары, сондай-ақ үй жануарларын қыдыртуға арналған зоналар пайда болады. Мұнымен қоса хоккей кортын да саламыз. Қыста онда балалар хоккей ойнап, ал жазда футбол алаңы ретінде пайдалана алады», – дейді Есіл ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімі басшысы Жарқын Айтжанов.
Айта кетсек, былтыр Есіл ауданындағы 32 аумақ абаттандырылған болатын, әсіресе тұрғын алаптарға ерекше назар аударылды. Биыл жауапсыз құрылыс иелері салған аулалар мен он жылдан аса жөндеу көрмеген алаңқайларға айрықша көңіл бөлініп отыр.