$ 518.53  588.17  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.09.2021, 13:28
Жаңалықтар

Павлодар облысында КВИ жұқтырып реанимацияға түскендер көбейді

Қазіргі таңда аймақта 1300-ге жуық адам коронавируспен ауырып жатыр

Павлодар облысында КВИ жұқтырып реанимацияға түскендер көбейді
Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысында КВИ жұқтырып реанимацияға түскендер көбейді. Бұл туралы Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов мәлім етті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

«Қазіргі уақытта облыста КВИ анықталған 1291 адам ауруханаларда ем қабылдауда. Ауруханаларға түсушілер саны азаюда. Инфекциялық орындардың 40 пайызында науқастар жатыр. Жансақтау бөлімінде 117 адам бар. Өкпені жасанды желдету аппаратына 22 адам қосылған. Реанимациялық орындарға түсушілер көп болып тұр. Жыл басынан бері мұндай жүктеме болмаған», - деді Айдар Сейітқазинов.

Басқарма басшысының айтуынша, өкінішке орай, тамыз айында өңірде коронавирустан 117 адам көз жұмған.

Айдар Сейітқазинов КВИ-ден сақтану үшін облыс халқының 29 пайызы вакцинаның қос компонентін қабылдағанын атап өтті.

«Қазір Спутник V, Qazvac, Vero Cell вакциналары бар. Облыстағы вакцина қабылдауға жататын 450 мың адамнан 274 мыңы бірінші компонентпен, 230 мың адам екінші компонентпен егілген», - деді басқарма басшысы.

Бүгінде облыста орта есеппен тәулігіне 1900 адам вакцина қабылдауда.

Айта кетейік, өткен тәулікте Павлодар облысында 265 адамнан КВИ анықталған. Осы уақытқа дейін өңірде 40724 адам коронавирус жұқтырған. 35703 адам індеттен жазылып шықты.

Серіктес жаңалықтары