Халықаралық олимпиада жеңімпаздары ЖОО грантын иеленуі мүмкін – БҒМ
Бұдан бөлек оларға берілетін ақшалай сыйақы мөлшері де артпақ
Болжамға сәйкес 2025 жылы урбанизация мен туу деңгейінің өсуіне байланысты мекептерде қосымша 993 мың орынға қажеттілік пайда болады. Мұндай тапшылықтың алдын алу үшін аталған мерзімге дейін еліміз бойынша бір мың жаңа мектеп бой көтереді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында айтты.
«Жоспарға сәйкес осы жылдың өзінде 200 жаңа мектепті іске қосамыз. Келесі 4 жыл ішінде жыл сайын 200 мектеп салынады. Жергілікті атқарушы органдар осы 1000 мектепті салу үшін қажетті жер учаскелерін алдын-ала бөліп, оның интерактивті картасын әзірлеуі қажет. Оған қоса 1500, 2000, 2500, 3000 оқушыға арналған мектептердің заманауи типтік жобаларын дайындау керек деп есептейміз», - деді министр.
Ал педагогтердің біліктілігін «үш жылда бір рет» арттыру кезеңін қайта қарастырылмақ. Бұған дейін педагогтер арнайы біліктілік курстарынан өз қаражаты есебінен өтуге мәжбүр болған. Енді Мемлекет басшысының таспсырмасы шеңберінде педагогтер курстармен тегін қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов халықаралық олимпиада жеңімпаздары үшін қуанышты жаңалықпен бөлісті.
«Оларға конкурсқа қатыспай-ақ жоғары оқу орындарына түсу үшін грант беру мәселесін заңнамалық түрде реттейміз. Тағы бір айта кетерлігі, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын ынталандыру және қолдау мақсатында алтын медальға 1500 айлық есептік көрсеткіш - биыл ол 4,5 млн теңгеге жуық сомма, күміске – 1000, қолаға – 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай бір реттік сыйлық тағайындау жоспарлануда. Сонымен қатар, жеңімпаздарды дайындаған педагогтер мен тәлімгерлерге бір жолғы қаржылай сыйақы беру көзделген», - деп атап өтті ведомство басшысы.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан