ШұғылӨткен аптада Қазақстанда коронавирустан 28 адам қайтыс болды

Ұстаздар үшін маңызды заң жаңа жылға дейін қабылдануы мүмкін

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі» туралы заңды Сенат ертең қарайтынын, тіпті, қабылдауы да мүмкін екенін айтты 

Жалпы, Мәжілістің бүгінгі, 2019 жылғы соңғы жалпы отырысынан кейін, ертең Сенатқа барын, бірнеше құжат таныстыратынын айтты.

«Бейсенбі күні Сенатқа барамыз. Құдай қаласа, қарастыруға бірнеше заң жобасы шығады. Соның ішінде педагогтардың статусы туралы заң бар. Біз үшін маңызды, мемлекет үшін маңызды, әріптестеріміз – мұғалімдер үшін маңызды құжат. Білім беруді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданды, енді осы  заң қабылданса, ендігі жылы жоспарлы түрде, жүйелі түрде қабылданған құқықтық құжаттарды іске асыру үшін біраз жұмыс істейміз. Жыл соңына дейін қабылданады ғой деп үміттенеміз. Сенаттың ертеңгі күн тәртібінде тұр, ертең қабылданатын болса, ұстаздармен бірге қуанамыз», - деді Білім министрі.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдаған.

Құжат ұстаздардың материалдық жағдайын жақсартып, қоғамдағы мәртебесін жақсартуға, сондай-ақ, мұғалімдердің мойнына артылып отырған артық жұмыстан босатуға бағытталған. Мәселен, егер заң қабылданса,

- 182 мың сынып жетекші мен дәптер тексеретін 165 мың мұғалімге 2 есе мөлшерде қосымша ақы;

- тәлімгер-ұстаздарға 17 мың теңге үстемақы;

- келесі жылдан бастап бүкіл мұғалімге қазір алып жүрген жалақысының 25 пайызы қосылады;

 - магистр атағы бар ұстаздардың жалақысына 25 250 теңге қосымша үстемеақы төленеді.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан