$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.12.2019, 14:26
Жаңалықтар

Сұрақтан қашқан министр журналистерді Жаңа жылмен құттықтады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Тұншықтыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттаманы (Женева, 1925 жылғы маусым) ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды

Сұрақтан қашқан министр журналистерді Жаңа жылмен құттықтады

Женева хаттамасын орындайтын уәкілетті орган болып Білім және ғылым министрлігі бекітілгендіктен, депутаттар алдында құжаттың мазмұнын Асхат Аймағамбетов айтып берді. 

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жою қаруын пайдаланбау, барлық биологиялық зерттеулерді тек бейбіт мақсатта пайдалану, халықаралық қауіпсіздікті нығайту бойынша өз ұстанымын әлемдік деңгейде көтеріп, нақты істермен дәлелдеді. Қазақстан бактериологиялық және уытты қаруды әзірлеуге, өндіруге әрі олардың қорын жинақтауға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияны бұрын ратификациялаған. Уәкілетті орган ретінде 2007 жылы Білім және ғылым министрлігі болған еді. Осы қабылданған конвенцияны толықтыратын және нығайтушы элементтер ретінде саналатын Женева хаттамасы болып отыр. Бұл екі халықаралық құжат бір-бірімен өте тығыз байланысты. Ұсынылып отырған Женева хаттамасы халықаралық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқарады әрі осы саладағы қажетті тетіктердің бірі болып саналады. Аталмыш хаттама 20 ғасырдың басында қабылданса да, бүгінге дейін ол осы химиялық тұншықтыратын, улы бактериологиялық құралдарды қолдануға тыйым салатын басты заңды құжаттың бірі болып танылды. Сондықтан министрлік Женева хаттамасын ратификациялау мәселесін назарға ұсынып отыр», - деді А. Аймағамбетов.

 Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Президент Әкімшілігінің және Қауіпсіздік Кеңесінің тапсырмасы бойынша Женева хаттамасын ратификациялау мәселесі Білім министрлігіне жүктелген болатын. Құжаттың ғылыми-құқықтық сараптамасын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жүргізген.

«Осы сараптамаға сәйкес, Женева хаттамасы Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасына, сондай-ақ еліміздің халықаралық шарттар туралы заңға толық көлемде сәйкес келеді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Мәжілістен шығарда Білім министріне журналистер бірнеше сұрақ қойды. Сұрақтардың қатары лицензиясын жоғалтуы мүмкін жоғары оқу орындардың болашағы, еліміздегі мектеп инспекторларының тапшылығы, Алматыда жоғалып кеткен интернат оқушысының мәселесі сияқты жүйедегі оқиғалармен толып отырды. 

Мәселен, журналистер министрге: «Алматыда жоғалып кеткен жасөспірім ұстаздар тарапынан қысым көргенін айтқан. Осы ретте, сіз интернат сияқты оқу орындарының жұмысын барынша ашық еткіңіз келмей ме? Яғни, интернаттағы бала осындай жағдайға тап болғанда, ата-анасымен кездесуді күтпей, төтенше жағдай бола қалғанда, ата-анасына хабар беруге мүмкіндік жасала ма?», -деген сұрақ қойды.

«Алматыда болған оқиға Білім министрлігі ұстанған саясаттың дұрыстығын көрсетіп, дәлелдеп отыр. Біз интернат сипаттағы бүкіл оқу мекемелірінің ашық болуын білім беруді дамыту бағдарламасына жаздық (балалар үйі, ерекше білім беруді талап ететін балаларға арналған интернаттар және т.б.). Сондықтан, бүгін біз үшін олардың ашықтығын қамтамасыз ету өте маңызды. Ашықтық қамқоршылық кеңес, корпоративті басқару амалдары арқылы, яғни, қоғамдық ұйым өкілдері мен құқық қорғаушылар оқыту мекемесін басқаратын адамдардың құрамында болу арқылы қамтылады. Бұл -  бір», - дейді министр.

«Екіншіден, біз қажетті процедуралармен қамтамасыз етуіміз керек. Қоғам белгілі бір процедуралардың, стандарттардың барын білу керек. Яғни, осы оқиға (Алматыда жоғалып кеткен оқушының оқиғасы - авт)  бүкіл білім беру мекемелеріндегі ашықтықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыру керек екенін  көрсетеді. Әсіресе, балалар үйі мен интернаттарда. Бірақ, осындай мәселе туындаған кезде ғана назар аударуға болмайды. Білім министрлігінің міндеті – осындай жағдайлар орын алмау үшін жүйелі саясатты қалыптастыру. Ал, өрт сөндіруші сияқты, оқиға болғаннан кейін әрекет етіп, сонымен ғана қоя салу тиімсіз болады. Сондықтан, біздің міндетіміз осындай жағдайды болдырмайтындай жүйе қалыптастыру. Әрине, адами фактор болады, яғни, біреу қарай алмай (балаларды), көзден таса қылып алады. Бірақ, жүйелі проблемелар, жүйелі заң бұзуды, яғни, қоғамға көрінбей отырған проблемаларды жоюымыз керек», - деді министр.

 «Өрт сөндіруші сияқты, өрт болған кезде емес, өртке дейін қандай жұмыс істеп отырсыздар, нақты бір мысал айтыңызшы», - деген сұрақтың артын министр Жаңа жылдың құттықтауына жалғап кетті. Нақтылықты сұраған себебіміз,  Тараз мектебінде педофилден зорлық көрген оқушы қыздың, Алматыда жоғалып кеткен жасөспірімнің проблемасында министрлік расымен өрт сөндіруші сияқты, оқиғадан кейін әрекет етті.

«Енді оны мемлекеттік бағдарламаға жаздық, көп айтып жүрміз. Қазір брифинг емес қой... Мен жалпы сұрақтарыңызға жауап бердім. Біз бүгін Мәжілісте Женева хаттамасын қарадық, депутаттар дауыс беріп, бекітті. Сондықтан, Мәжіліске біз осы күн тәртібімен келдік. Сіздерді келе жатқан жылдарыңызбен құттықтаймын. Денсаулық, бейбітшілік, бақыт, бақ-береке тілеймін», - деді Білім министрі Асхат Аймағамбетов.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары