$ 529.7  545.96  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.08.2021, 10:23
Жаңалықтар

Сапарбаев: «Жарылыстан зақымданған барлық үйді екі айда қалпына келтіреміз»

Хабарсыз кеткендерді іздеу жұмыстарына кинологтар, тиісті мамандар мен атты адамдар жұмылдырылған

Сапарбаев: «Жарылыстан зақымданған барлық үйді екі айда қалпына келтіреміз»

Жамбыл облысы Байзақ ауданында болған оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан зақымдалған 106 тұрғын үйдің 35-сі күрделі жөндеуден өтеді. Жеңіл зақымданған 71 үй де қалпына келтірілетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Байзақ ауданында болған оқиғаға байланысты құрылған облыстық жедел штаб мүшелері ғылыми-зерттеу қызметкерлерімен бірге іргедегі 3 елдімекендегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды түгел зерттеп шыққан.

Қазіргі таңда жөндеуді қажет ететін 118 жылжымайтын мүлік анықталса, оның 106-сы тұрғын үй, 12-сі – коммерциялық нысан. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында барлық жұмыстарға Үкімет тарапынан қаралатын және қосымша жергілікті бюджет, өңірдегі демеушілер қаражаттары жұмсалатынын айтты.

«Бүгін бір үйдің күрделі жөндеу жұмыстары басталса, қалған үйлер бойынша құрылысшылар ертеңнен бастап іске кіріседі. Екі айдың ішінде барлық үйді қалпына келтіреміз деп өзімізге міндеттеме алып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, құрылысшылар күші де жеткілікті , - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен құрылған Үкіметтік комиссия төрағасы, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр бұған дейін оқиға орнына келіп, мән-жаймен жан-жақты танысқан болатын. Комиссия мүшелері, арнайы мамандар келген шығын көлемін анықтау және нақтылау бойынша тиісті жұмыстарды жүзеге асыруда.

 

«Әлеуметтік нысандарға қатысты тоқталсақ, 3 мектепке зақым келген. Әсіресе, қатты зардап шеккені – Жібек Жолы ауылындағы білім ордасы. 118 бала оқитын білім мекемесінің іргесі 1956 жылы қаланған. Ескі мектептің орнына жаңа ғимарат салуға шешім қабылданды.

Ауыл халқы санының өсімі ескеріліп, Үкіметке 150 орындық жаңа мектептің құрылысы бойынша ұсыныс жолдаймыз. Салынатын жер белгіленді, құжаттары барынша қысқа уақытта дайындалады.

Жеңіл зақымдалған Үшбұлақ мен Базарбай ауылдарындағы мектептер демеушілер есебінен қалыпқа келтірілуде. Олар бірінші қыркүйекке дейін дайын болады. Дәл сондай бір медициналық пункт те бір апта ішінде толығымен жөнделеді», - деді Б. Сапарбаев.

Облыс әкімінің айтуынша, темір жол, автожолдар қалыпты режимде жұмыс жасауда.

«Тұрғындардың барлығы үйлеріне оралған. Үйлері күрделі жөндеуден өтетін Қайнар ауылының тұрғындары уақытша баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз етіледі», - деді әкім.

Қазіргі таңда Тараз қалалық орталық ауруханада 28 науқас ем алуда. Оның 4-інің жағдайы орташа ауыр. Оларға қажетті барлық медициналық көмектер көрсетілуде. Өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрі-дәрмектер мен дәрігерлер жеткілікті.

Жалпы, медициналық көмекке жүгінген түрлі деңгейде жарақат алған 98 адамның ішінде қарапайым тұрғындар жоқ, барлығы әскерилер мен төтенше жағдай саласының қызметкерлері.

«Қазіргі таңда хабарсыз кеткендер іздестірілуде. Облыс әкімі олардың ата-аналары мен туған-туысқандарымен кездесіп, тиісті түсіндірме берді. Іздеу жұмыстарына әскерилер, ТЖД мамандары, кинологтар, тиісті мамандар, қызметтік иттер, атты адамдар жұмылдырылған.

Арнайы дрон құрылғысының мүмкіндігі де барынша пайдаланылуда.  Қазіргі таңда 180 адам, 40 шақты техника жұмыс жасауда», - делінген баспасөз хабарламасында.

Естеріңізге салсақ, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрі сақталған қоймада сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінің жанында алапат өрт шығып, соңы жойқын жарылысқа ұласқан болатын.   

Жарылыс салдарынан 14 адам қаза тапты. Олардың арасында әскери қызметшілер, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, әскери прокурор бар. Өлі табылған тағы үш адамның аты-жөні анықталып жатыр. 

Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктері әлі бірнеше адаммен байланыс орната алмай отыр

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 29 тамыз – Жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды және Жамбыл ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Сонымен қатар ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қоймада жарылмай қалған оқ-дәрілер бар екенін, сондықтан қайта жарылыс болуы мүмкіндігін жоққа шығармайтынын мәлімдеді.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы тілшілерге берген сұхбатында жарылыстан зардап шеккен 28 адамның Тараздағы көпбейінді ауруханада ем алып жатқанын, 4 адамның жансақтау бөлімінде жатқанын айтты.

Серіктес жаңалықтары