Жамбылдағы жарылыстан қаза тапқан Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді
Жарылыс салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын (марқұм)», делінген құжатта.
Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын.
Оқи отырыңыз: Президент ерлігі мен жанқиярлығы үшін бірқатар азаматты «Айбын» орденімен марапаттады
Азалы күннің жариялануына байланысты кешеден бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйғарымымен елдегі мешіттерде бейбіт күнде шейіт болған әскерилер мен құтқарушылардың рухына бағыштап Құран хатым оқылып жатыр.
Соңғы дерек бойынша сол жарылыс салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті. Өлі табылған тағы үш адамның аты-жөні анықталып жатыр. Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктері әлі бірнеше адаммен байланыс орната алмай отыр.