Маңғыстауда бюджет қаражатын жымқырған бірқатар шенеуніктің ұсталғаны айтылды
Тиісті органдар Маңғыстау облысындағы жағдай бойынша әзірге ресми ақпарат таратқан жоқ

Маңғыстау облысында шенеуніктері жергілікті елдімекенді сумен қамтамасыз етуге бөлінген қомақты қаржыны жымқырған. Бұл туралы саясаттанушы Ербол Еділов Telegram-каналында жазды.
Автордың келтірген деректеріне сүйенсек, Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті күдікті ретінде екі шенеунік пен бір кәсіпкерді ұстаған.
«Кейбір дереккөздердің мәліметінше, Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Маңғыстау облысы құрылыс басқармасының басшысы Шабай Тәжіғараевты, Бейнеу ауданы құрылыс бөлімінің басшысы С.Х. Бисеновты және мердігерлік компанияның бас директоры Б. К. Саралтаевты ұстады», - деп жазылған хабарламада.
Автордың айтуынша, олар 1500 адам тұратын Бейнеу ауданы Саға аулының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге бөлінген 200 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
Ал 2017 жылы басталған су құбырының құрылысы әлі аяқталмаған. Сондықтан жергілікті жұрт автоцистернамен жеткізілетін техникалық суды тұтынуға мәжбүр.
Тиісті органдар Маңғыстау облысындағы жағдай бойынша әзірге ресми ақпарат таратқан жоқ.