Онкологиялық аурулар көбейді: Түлкібас тұрғындары кен орындарының жұмысына наразы
Таудан тас пен түрлі-түсті металл қоспасын тоқтаусыз алатын кәсіпорындар экологияға да, тұрғындар денсаулығына да орасан зиян келтірген
Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Ақбиік ауылының тұрғындары кен өндіруші компаниялардың жұмысына наразы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Топтасқан халықтың айтуынша, таудан тас пен түрлі-түсті металл қоспасын тоқтаусыз алатындар экологияға айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Оның үстіне, жиілеп кеткен жарылыстан тұрғын үйлерді айтпағанда, ауылдағы үш жыл бұрын салынған балабақшаның қабырғасы да қақырап кетті дейді.
Ауыл азаматтарының сөзінше, тауды жарылғышпен қопаратындар соңғы екі жылда жарылысты тым үдетіп жіберіпті.
«Әсіресе түсте ұйықтаған кезде дүмпуден балалар шошып оянады. Екіншіден, мына жердегі жолдан жүрген кезде шаңнан балаларға да, бізге де қаншама зиян келеді», - дейді бөбекжай меңгерушісі Айнұр Жаппарова.
Кен орны ауылдың ту сыртында. Шамамен екі жарым шақырымдай ғана қашықта орналасқан. Тауда көтерілген шаң ауылға лезде жететін көрінеді.
«Кішкентай балаларымызға дейін бәрінде аллергия бар. Жаңа туған балалар арасында жүрек ақауы жиі анықталып жатыр. Сондай-ақ балалардың басында «водянка» деген ауру жиі пайда болатын болды. Жалпы, Түлкібас ауданында Ақбиік ауылы онкологиялық аурулар бойынша бірінші кезекте тұр», - дейді Ақбиік ауылының тұрғыны Эльвира Серимова.
Тұрғындардың біліуінше, күнделікті отыз шақты ауыр жүк көлігі ауыл ішімен шаңдатып өтеді екен. Талап сақталмайды. Ақбиіктіктер «Жарылысты доғарып, жүрер жолын өзгертсін» деп те талап қойыпты. Бірақ әзірге нәтижесіз көрінеді. Аудан басшылығы кен орнындағы үш компанияның да жұмысы заңды деп отыр.
«Біз «Ферум констракшн» және өзге де кәсіпкерлерге өз тарапымыздан ескерту бергенбіз. Шкаласын төмендетіп бұрғылап өндіру жөнінде хат жолдағанбыз. Мөлшерін азайтпаса, облыспен бірлесіп Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиясын алып қою бойынша шаралар қабылдамақпыз», - деді Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметов.
Әзірге жергілікті атқамінерлердің халыққа көрсеткен бар жәрдемі – қазба байлығы тиелген ауыр жүк көліктері жүретін жолды өзгертіп беру. Оларға ауыл сыртынан жол салдыртып бермекші.