$ 530.24  543.97  5.16
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.08.2021, 23:04
Жаңалықтар

Ауыр атлет Айдар Қазовтың пәтері өзіне қайтарылды

Араға 6 ай салып, спортшыға тиесілі жылжымайтын мүлік өзіне қайтарылды

Ауыр атлет Айдар Қазовтың пәтері өзіне қайтарылды

Ауыр атлетикадан Азия чемпионы Айдар Қазов әкімдік сыйға тартқан пәтерінен айырылып қалған болатын. Спортшы 2018 жылы кезекті оқу-жаттығу жиынында жүрген кезде баспанасы сатылып кеткен. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі мәселеге қоғам назарын аударып, оң шешілуіне атсалысқан еді. Араға 6 ай салып, спортшыға тиесілі жылжымайтын мүлік өзіне қайтарылды.

2015 жылы солтүстікқазақстандық спортшы Айдар Қазов ауыр атлетикадан Тайландта өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль әкелген еді. Спортшы 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сайысқа түскен болатын. Зілтемірші қос сайыс қорытындысы бойынша 350 келіні еңсеріп, бас жүлдені еншілеген. Дүбірлі додада Қазақстанның атын әлемге әйгілеген спортшыны жерлестері бар сән-салтанатымен қарсы алды.

2016 жылы сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов Азия чемпионына спорттағы толағай табыстары үшін жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Жас өркен» шағынауданындағы «Мечта» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған еді. Алайда, жаңа баспана иесінің қуанышы ұзаққа бармады. Үйдің құрылысын жүргізген «Казградстрой НС» компаниясының директоры Алексендр Авдеев пен облыстық әкімдік арасындағы кикілжіңнен кейін біріншісі спортшы атына түсіріп үлгермеген жылжымайтын мүлікті сатып жіберген. Далада қалған Айдар Қазовқа әкімдік уақытша бір бөлмелі пәтерде тұруды ұсынады.

«Пәтерден күдерімді үзген болатынмын. Azattyq Rýhy редакциясынан хабарласып, көмек ұсынғанда сөнген үміт қайта жанғандай болды. Ақпарат агенттігінде жарық көрген мақаладан кейін қоғамдық резонанс туып, барлық БАҚ өкілдері менің проблемама назар аударды. Мәселеге қатысты Азамат Қарлығашұлы жетекшілік ететін спортшылар одағы, белгігі зілтемірші Илья Илин үн қатты. Барлығына, әсіресе Azattyq Rýhy агенттігіне алғысым шексіз. Сол ескі үйдегі бір бөлмелі пәтерді атыма түсіріп берді. Құралақан қалғаннан, бұған да шүкіршілік етемін», - дейді Айдар Қазов.

Оқи отырыңыз: «Ерім дейтін ел жоқ»: Азия чемпионы Айдар Қазов әкімдік берген пәтерінен шығарылып, далада қалды

Ауыр атлет үлкен спортпен қоштасатынын айтты. Пәтер мәселесімен болған жағдай психологиялық тұрғыдан ауыр тигенін де жасырмады. Қазір спортшы Алматы қаласында тұрып жатыр.

Еске салсақ, ақпан айында Айдар Қазовтың әкімдік сыйлаған пәтерінен айырылып қалғаны туралы жазған болатынбыз. Көп ұзамай спортшыға берілген пәтердің сатылып кетуіне байланысты Петропавл қалалық әкімдігі мен банкротқа ұшыраған құрылыс компаниясының басшысы түсініктеме берді. Қоғамдық резонанс тудырған мақаладан кейін спортшыға белгігі зілтемірші Илья Илин қолдау білдіріп, осы мәселеге қатысты құзырлы орындарға хат жолдады. Атақты спортшының пікірі желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, көпшілік чемпионға сыйға берілген баспананың қайтарылуын талап еткен еді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

 
Серіктес жаңалықтары