ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 999 адамнан коронавирус анықталды

Биыл Қазақстанда 148 адам өндірістік жарақаттан қаза тапты

1 желтоқсандағы жағдай бойынша 1215 адам өндірістік жарақат алған

Фото: ашық дереккөзден

Биыл 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 1215 адам өндірістік жарақат алып, оның 148-і қаза болған. Бұл туралы ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қолымыздағы бүгінгі мәлімет бойынша, 60%-дан астам жағдайда өндірістік жарақат алуға жұмыс берушілер кінәлі болып шыққан. Жалпы, жұмыс беруші емес, жұмысшының өзі кінәлі жағдайлар да бар. Белгіленген тәртіпті сақтау керек», - дейді Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сондай-ақ, ол бүгінде кәсіподақтардың бастамасымен барлық өңірде «Қауіпсіз еңбек» жергілікті бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтты.

«Осы жоба арқылы өндірістік жарақат алудың алдын алып, қадағалауды күшейту керек. Техникалық инспектордан бөлек Қоғамдық кеңестер бар. Кей кәсіпорындарда Қоғамдық кеңес қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді. Қазір соның түбіне жетіп, Қоғамдық кеңес керек екенін жұмыс берушілерге түсіндіруіміз керек», - дейді ол.

Төрағаның айтуынша, республика бойынша кәсіпорындарда 15 мың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер жұмыс істейді. Олардың 95%-дан астамы кәсіподақтардың бастамасымен құрылған. Сонымен қатар, 18 810 техникалық инспекторлар осы мәселе бойынша қоғамдық бақылауды жүзеге асырып жатыр.