ҚР СІМ Ауғанстанның 70 мың азаматын қабылдау туралы ақпаратты жоққа шығарды
Желіде босқындардың Шымкент пен Түркістан облысына орналастырылатыны туралы ақпарат тарады

Whatsapp мессенджерінде Қазақстанға Ауғанстанның 70 000 азаматы келеді деген қауесет тарады. Ақпаратта хабарланғандай, алғашқы 500 адам ұшақпен Шымкент әуежайына қонған, алдағы күндері тағы 1500 адам келеді екен.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Ауғанстаннан босқындардың келетіні және олардың Шымкент пен Түркістан облысына орналастырылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Бүгінгі күні тараған ақпарат шындыққа жанаспайды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Еске салайық, «Талибан» содырлары Ауғанстан астанасы Кабулға шабуыл жасап, ел билігін толықтай өз қолындарына алғанын жариялады. Жексенбіде Ауғанстан президенті Ашраф Ғани қантөгісті болдырмау үшін елден кеткенін мәлімдеді.