$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.08.2021, 12:50
Жаңалықтар

Ақмола облысында басқарма басшысы ұсталды - БАҚ

Дереккөздің хабарлауынша, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы 13 млн теңге алған кезінде ұсталған

Ақмола облысында басқарма басшысы ұсталды - БАҚ
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабында көрсетілген қылмысты жасады деген күдікпен (пара алу) «Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ басшысы Таласбаев Димаш Аманжолұлын ұстады, деп хабарлайды kokshetau.asia.

Жергілікті сайттың хабарлауынша, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласбаев Алматы қаласында келісілген соманың жартысын - 13 млн теңгені алған кезде ұсталған. Параның жалпы сомасы шамамен 30 млн теңгені құрауы тиіс еді.

Димаш Таласбаев Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып 2020 жылдың сәуір айында тағайындалды.

Ал Таласбаев Димаш Аманжолұлы 1969 жылы Көкшетау облысы, Рузаев ауданы, Рузаевка ауылында туған. 1994 жылы Көкшетау ауылшаруашылық институтын «ғалым-агроном» мамандығы бойынша бітірген. 2006 жылы «Фемида» заң академиясын «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2018 жылы Гуманитарлық-техникалық академияны бітіріп, экономика магистрі дәрежесіне ие болған. Үйленген, үш бала тәрбиелеп отыр.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың қазан айында Ақмола облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Рустам Бикенев ірі көлемде бірнеше рет пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 2021 жылдың сәуір айында Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов өзіне сеніп тапсырылған мүлікті қызмет бабын пайдалана отырып аса ірі мөлшерде жымқырды деген айыппен қамауға алынды.

Серіктес жаңалықтары