$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.08.2021, 14:16
Жаңалықтар

Солтүстікте жеке секторда өртке қарсы датчиктер орнатылды

Облыста өткен жылыту маусымында жеке тұрғын үй секторында 390 өрт тіркелді

Солтүстікте жеке секторда өртке қарсы датчиктер орнатылды

Солтүстік Қазақстан облысында жеке тұрғын үй секторында шығатын өрт жиіледі. Өткен жылыту маусымында 390 факті тіргелген. Көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 33%-ға жоғары. Төтенше жағдай қызметі қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында тұрмысы төмен отбасылар тұратын үйлерде түтін датчиктерін орнатуды бастады, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy тілшісі.  

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде тұрмысы нашар және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, жалғызбасты және мүгедектер тұратын 4557 жеке тұрғын үй бар. Оларды 17 мыңнан астам адам тұрады, соның 5 мыңға жуығы – балалар. Бұл үйлер «қауіп-қатер тобы» ретінде өрт сөндірушілердің есебінде тұр. 

«Бұл мекен -жайлар бізге жақсы таныс. Жергілікті атқарушы органдармен, жергілікті полиция қызметі мамандарымен, волонтерлермен жиі барып, тексеріп отырамыз. Өрттің алдын алу үшін түрлі механизмдерді қолданып жатырмыз. Бұл үйлерге мыңнан астам түтін датчигі тегін орнатылды. Нәтижесі бар, былтыр қысқы жылыту маусымында екі оқыс оқиға ғана тіркелді», - дейді СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов. 

Алайда әлі де өрт қауіпсіздігі талабын бұзып тұрып жатқан 600-ден астам жеке тұрғын үй бар екен.

Мамандардың мәліметінше, өрттің шығуына көп жағдайда пештің жарамсыздығы, электр қондырғыларын орнатуда және пайдалануда ережені сақтамау, өртті абайсыз қолдану, яғни спирттік ішімдік ішіп, темекі тарту және тозығы жеткен үйлер себеп болады. Өрттің 28%-ы Петропавлдың, 12%-ы Қызылжар және 11%-ы М.Жұмабаев аудандарының үлесінде. 

«Біздің бастамамызбен өңірде алғаш рет Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде пеш салушы мамандығын 6 адам алып шықты. Қазір оларды жұмысқа орналастыру мәселесі шешіліп жатыр», - дейді Рамиль Камалов.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #өрт