Бейжіңде жыл сайынғы «Абай оқулары» күні өтті

Іс-шара 2014 жылы Бейжіңдегі Абай ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен бері жалғасын тауып келеді

Қазақтың ұлы ақыны, философы және гуманисті Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Бейжіңдегі «Цзиньтай» өнер мұражайында жыл сайынғы 6-шы «Абай оқулары» өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға Қытайдың мемлекеттік органдары, академиялық және шығармашылық зиялылары, қазақ диаспорасы мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ дипкорпус қатысқан.

Іс-шара 2014 жылы Бейжің қаласының «Чаоян» Орталық саябағындағы Халықаралық атақты мүсін бағында орнатылған Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Қазақстанның елшісі Ғабит Қойшыбаев өзінің алғы сөзінде «Абай оқуларының» қатысушыларына Абай Құнанбайұлы шығармашылығының қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына қосқан маңызды үлесі, сондай-ақ ұлы ақынның рухани мұрасының қазақ жастарының адамгершілік санасын қалыптастыруда қандай рөл атқаратынын айтты.

«Сонымен қатар қазақстандық дипломат Абай шығармалары бірқатар шет тілдеріне аударылғанын және қазір әлемнің әр түкпіріндегі оқырмандарға қолжетімді екенін атап өтті. Осыған орай, ол Қытайдың атақты абайтанушысы және аудармашысы Ха Хуанчжанға, жазушы және әдебиетші-ғалым Ақбар Мәжитке, сондай-ақ «Цзиньтай» мұражайының басшылығына Абайдың рухани мұрасын Қытайда кеңінен танытуға қосқан үздіксіз еңбегі және баға жетпес үлесі үшін ерекше ризашылығын білдірді», - делінген хабарламада.

Іс-шара барысында Абай мұрасын насихаттауға елеулі үлес қосқан және оның туғанына 175 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді қатысқаны үшін Қытай өкілдеріне Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтота Райымқұлованың алғыс хаттары табыс етілді.

Сондай-ақ, «Абай оқулары» аясында Қытайдың белгілі суретшісі және мүсіншісі, «Цзиньтай» өнер мұражайының директоры Юань Сикун жасаған ақынның қола бюстін ҚР Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында орналасқан Абай атындағы мамандандырылған гимназия-мектебіне сый ретінде табыстаудың салтанатты рәсімі өтті.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.