$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.08.2021, 11:58
Жаңалықтар

Пандемия: Жерлеу рәсімдері бюроларының табысы 82 пайызға өсті

Осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 36 мыңнан астам адам қайтыс болған

Пандемия: Жерлеу рәсімдері бюроларының табысы 82 пайызға өсті
Фотог: ашық дереккөзден

Соңғы бір жылда Қазақстанда жерлеу рәсімдерімен айналысатын бюролардың табысы 82 пайызға өсті. Аталған мерзімде қайтыс болғандар саны 5 мыңға артып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі finprom.kz-ке сілтеме жасап

Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру және осы сала бойынша жасалған қызмет құны үстіміздегі жылдың қаңтар–наурыз айларында 802,9 млн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 82,2% - ға артқан.

Осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда қайтыс болғандар саны 36,1 мың адамға жетті. Бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ол кезде 37 мың адам болған еді.

Ал 2020 жылдың алғашқы үш айында дүние салғандар саны - 31,2 мың адам.

Елімізде коронавирустың кесірінен өлім-жітім көрсеткіші өсуде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2021 жылғы 2 тамызда коронавирустан 124 адам, коронавирустық инфекция белгілері бар пневмониядан 25 адам, 1 тамызда 110 және 16 адам қайтыс болған.

Аталған ведомство мәліметінше, пандемия басталғаннан бері 2021 жылдың 3 тамызына дейін Қазақстада 6277 адам, 2020 жылдың 1 тамызынан бастап 2021 жылдың 2 тамызына дейін пневмониядан 3781 адам қайтыс болған.

Джонс Хопкинс Университетінің мәліметтері бойынша, 4 тамызға дейін Қазақстанда аталған жұқпадан қайтыс болғандардың саны 9077 адамды құрады. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан антирейтингте 195 елдің ішінде 50-ші орында тұр.

Қайтыс болғандар антирейтингінде ең көп адам саны АҚШ-та (614,3 мың адам), Бразилияда (558,4 мың адам) және Үндістанда (425,8 мың адам) тіркелді.

Осы уақытта Ресей антирейтингте 6 орында (159 мың адам қайтыс болды), Украина 18-орында (55,7 мың адам). Көршілес Қырғызстанда 2,4 мың, Өзбекстанда-901 адам қайтыс болды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары