«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шықты

2020 жылдың 14 тамызында Берік Шәріп қамауға алынды

«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шықты
Берік Шәріп, фото: time.kz

Нұр-Сұлтанда «СҚ-Фармация» ЖШС басқармасының бұрынғы төрағасы Берік Шәріптің ісі бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

11 айдан аса тергеу изоляторында отырған Берік Шәріпке екі бап бойынша айып тағылды: «қызметтік өкілетін асыра пайдалану» (361-бап, 4-тармақ 3-пункт) және «заңсыз қару-жарақ сақтау, алу, тасымалдау» (287-бап 2-тармақ 3-4 пунктер).

Бүгін аталған іске қатысты соттың үкімі жарияланды.

«Берік Шәріп 287-баптың 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылсын және 1 000 айлық есептік көрсеткіш (2 917 000 теңге – AR) айыппұл тағайындалсын, 361-баптың 4-бөлімі 3-тармағы бойынша кінәсіз деп танылсын және оның әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағаны үшін ақталсын. Айыппұл түріндегі жаза мерзімі күзетпен ұстау кезеңі болып есептелсін», - деді Нұр-Сұлтан қаласының №2 аудандық сотының судьясы Қанат Дүйсембиев.

2020 жылдың 14 тамызында «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп қамауға алынды.

Берік Шәріп тегін медициналық көмек көлемін қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу жөніндегі дистрибьютор компания басшылығына 2020 жылдың 21 сәуірінде келді. Бұған дейін «СҚ-Фармация» басқарма төрағасының міндетін атқарған.

2020 жылдың 10 шілдесінде ол ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін қызметінен босатылды.

2021 жылдың сәуірінде «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысына «жаппай вирус жұқтырды», «заңсыз қару сақтады» деген айыптар тағылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.