«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп 2 айға қамауға алынды
2020 жылдың 10 шілдесінде ол қызметінен босатылған еді
«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп екі ай бойы қамауда болады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Берік Шәріпке қатысты күзетпен ұстау түріндегі таңдалған бұлтартпау шарасын екі ай мерзімге санкциялады»,-деп хабарлады қалалық соттың баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова.
Берік Шәріп тегін медициналық көмек көлемін қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу жөніндегі дистрибьютор компанияны 2020 жылғы 21 сәуірде басқарды. Бұған дейін «СҚ-Фармация» басқарма төрағасының міндетін атқарған.
2020 жылдың 10 шілдесінде ол ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін қызметінен босатылды.
Бұған дейін «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы уақытша қамауға алынғаны туралы хабарланған.
Берік Шәріп 1981 жылы Алматыда дүниеге келген.
2004-2005 жылдары Астана қаласының Бірінші қалалық ауруханасында және ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығында дәрігер болып жұмыс істеді. 2005-2008 жылдары Астана және Оңтүстік Қазақстан облысының Денсаулық сақтау департаменттерінде түрлі позицияларды атқарды. 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының медициналық орталығындағы басқарманың сарапшысы, бас сарапшысы болған.
2009-2012 жылдары – Департаменттің бас заңгері, Департаменттің бас менеджері, бөлім бастығы, «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарушы директоры. 2012-2017 жылдары – «Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы» РМК бас дәрігерінің орынбасары және директордың стратегиялық даму жөніндегі орынбасары. 2017-2018 жылдары - Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары, орынбасарының міндетін атқарушы.
2018 жылғы мамырдан 2020 жылғы сәуірге дейін «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары-Басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып жұмыс істеді.