Президент Бердібек Сапарбаевқа сөгіс жариялады

Автор: Azattyq Rýhy

Әкімге бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуге тапсырма берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа 2019 жылы жұмысында едәуір олқылықтарға жол беріп, қызметінен босатылған Қайрат Досаевты әкімдіктің басқарма басшысы етіп тағайындағаны үшін сөгіс жариялады. Әкімге бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуге тапсырма берілді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Еске салайық, 2 тамызда Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қайрат Әскербекұлы Досаев Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалды.

2019 жылдың қарашасында Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының басшысына Тараз қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырды.

«Жамбыл облысының әкіміне Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты және жұмысында жүйелі кемшіліктер жібергені үшін Тараз қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырдым. Облыс әкіміне ескерту жасадым», - деп жазды Тоқаев твиттердегі жазбасында.

Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қызметінен босатылып, арада 2 апта өткен соң Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Тараз қаласының әкімі болып Айтқазы Қарабалаев тағайындалды.

Тоқаевтың тапсырмасымен қызметінен кеткен Қайрат Досаев арада бір ай өткен соң Жамбыл облысы Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болып тағайындалды.