Алматының қоқысы ғарыштан да көрінеді
Биылғы жылдың басынан бері қалада 1000-нан астам хаттама толтырылды
Тек Медеу ауданының аумағында тұрмыстық қалдық үйіліп қалған тоғыз аумақ бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Заңсыз қоқыс үйіндісі ғарыштан көрінеді. Бұл жер Алматының Медеу ауданына қарайды. Белгісіз біреулер күн сайын мұнда бірнеше тонна қоқыс әкеліп төгеді. Экологтардың айтуынша, мұны негізінен қоқыс шығару қызметін көрсететін жеке тұлғалар жасайды. Олар қоқысты Алматы облысында орналасқан полигонға апармай, орта жолда төгіп, кері қайтады.
«Алматы қаласының аумағындағы 13 орында рұқсатсыз қалдықтар анықталды. Олардың 4 орны Алатау ауданының аумағында орналасқан. Бұл жерде көбінде бос жатқан жерлердің иелері бар. Олар өздерінің жерлерін қоршап қою керек, қоршауы болмағандықтан, қараусыз қалғандықтан қалдықтарды осы жаққа төгіп жатыр енді», - деді қалалық экология департаментінің бөлім басшысы Ерлан Жақиянов.
Айыппұл да адамдарды тоқтата алмай отыр. Олар қоршаған ортаға зиян келтіріп, қоқысты рұқсат етілмеген жерге төгуін жалғастыруда. Биылғы жылдың басынан бері қалада 1000-нан астам хаттама толтырылды. Шығын мөлшері 60 миллион теңгеге жетеді.
«Қазіргі таңда басқарма тарапынан мобильдік топ құрылып, күнделікті ауданның тазалығы бойынша рейдтер жүргізіледі. Рейд барысында табылған заңсыз қоқыс үйінділері ауданға жіберіліп, аудан тарапынан ликвидация бойынша жұмыстар жүргізіледі», - деді қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Елдос Жалбағаев
Әкімдік өкілдері аталған аймаққа бақылау камераларын орнату туралы полиция департаментіне бірнеше рет хат жазған. Әзірге жауап жоқ. Қазір мұндай заң бұзушылық үшін ең азы 60 мың теңге айыппұл қарастырылған. Алайда мұны қоқыстан қоршаған ортаға келетін зиянмен салыстыруға келмейді.