Токио-2020: Ұлттық құраманың бас бапкері боксшылардың жеңілісінің себебін түсіндірді
Токио Олимпиадасында қазақстандық боксшылардың жартысынан көбі жарыс жолынан шығып қалды
Бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев қазақстандық спортшылардың Токио Олимпиадасындағы көрсеткішіне қатысты пікірін айтты.
«Бекзадқа тактика жетіспеді. Соққы жіберіп алды, ал мұны төрешілер көріп отыр. Бірінші раундта жеңілді, екінші раундта есе қайтарды, үшінші раунд тең өтті деуге болады. Біздің боксшы шабуылды бастап, алға ұмтылғанымен, қайта-қайта қабағы жарылып, кездесу тоқтатыла берді. Бекзадтың қарсыласы өте мықты. Осы жекпе-жек үшін қатты алаңдап едім», - деді бас бапкер.
Бас бапкер Василий Левиттің жеңуге тырысқанын, бірақ соққыларды өткізіп алғанын айтты.
«Серік өз мүмкіндігін толық көрсетті. Әзірге, ол әлем чемпиондарымен тайталаса алмайды. Мұндай ірі деңгейлі жарыстарда сынға түсу үшін тәжірибесі жеткіліксіз. Бұл біздегі қиын салмақтардың бірі.
Олимпиададағы барлық кездесу өте маңызды. Оңай жеңетін қарсылас жоқ, сондықтан, өз күшімізге сенеміз», - деді бас бапкер.
Токио Олимпиадасына аттанған қазақстандық 9 боксшының бесеуі - Абылайхан Жүсіпов, Василий Левит, Серік Теміржанов, Бекзад Нұрдәулетов және Надежда Рябец жарыс жолынан шығып қалды.