$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.07.2021, 22:54
Жаңалықтар

Министр ауруханаларда төсек-орын тапшылығы болуы мүмкін екенін айтты

Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,9 есе өсті

Министр ауруханаларда төсек-орын тапшылығы болуы мүмкін екенін айтты

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында ҚР-дағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімдеді. Осылайша, еліміздің барлық өңірінде КВИ жұқтыру саны әлі де өсіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,9 есе өсті. Денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе жүктемемен жұмыс істейді. Осыған байланысты ВАК карантин режимін күшейту жөніндегі бірқатар шараны қарады.

«Барлық өңірде сырқаттанушылық көбейіп келеді. Алдыңғы  екі аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,9 есеге өсті, ең көп сырқаттанушылық Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді - 3,5 есеге, Қызылорда облысында - 3 есеге, Ақтөбе облысында - 2,9 есеге, Түркістан облысында және Шымкент қаласында 2,5 есеге өсуі байқалды»,  - деді А. Цой.

Маусым айымен салыстырғанда орташа тәуліктік сырқаттанушылық 5,2 есе өсті. Жалпы республика бойынша өлім жағдайларының саны 2 аптаның ішінде 1,8 есеге, оның ішінде Ақтөбе облысында 8,5 есеге, Шымкент қаласында және Атырау облысында 2,8 есеге артты.

26 шілдедегі жағдай бойынша 1 шілдемен салыстырғанда елімізде инфекциялық және реанимациялық төсек-орнының 3 есе ұлғайғаны байқалады. Осыған байланысты елімізде төсек-орын қоры 1,4 есеге артты.

Министрдің айтуынша, аталған кезеңде инфекциялық және реанимациялық төсек-орынның ең көп толтырылуы Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда облыстарында байқалады. Төсек қорының күнделікті мониторингіне сәйкес өңірлер бөлінісінде 26 шілдедегі жағдай бойынша республика бойынша инфекциялық төсек-орындардың толуы 55%-ды, реанимациялық төсек-орындар 43%-ды құрады. Инфекциялық төсек-орындарының ең көп толтырылуы Ақтөбе облысында - 73%, Қызылорда облысында - 73%, Нұр-Сұлтан қаласында - 76% және Шымкент қаласында - 81%, реанимациялық төсек-орындарының ең көп толтырылуы Ақмола облысында - 69%, Нұр-Сұлтан қаласында - 84% және Шымкент қаласында 63% байқалады.

«Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе жүктемемен жұмыс істеуде. Егер өткен жылы сырқаттанушылық 3 348 адамды құраған болса, биылғы шілде айында сырқаттанушылықтың өсуі 2 еседен астам болды. Сондай-ақ, емделіп жатқан пациенттер саны 2 есеге артты. Бірқатар өңірде инфекциялық және реанимациялық төсек-орын тапшылығы болуы мүмкін, бұл республика халқы арасында өлімнің күрт өсуіне әкелуі мүмкін. Тәуекел аймағында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Ақмола және Қызылорда облыстары бар», - деді А. Цой.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы КВИ диагнозын қою үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің, мобильді бригадалардың, ПТР–зертханалардың, КТ және рентген диагностикасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ КВИ диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес дәрілік препараттармен уақтылы амбулаториялық қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, А. Цой қолданылып отырған карантиндік шараларға қарамастан, бірқатар өңірде көп адам баратын және карантинді өрескел бұзу фактілері анықталған салтанатты іс-шараларды өткізу жалғасып жатқанына назар аударды. Осыған байланысты ол жергілікті атқарушы органдарға мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсыруды сұрады.

КВИ-мен сырқаттанушылық пен одан болатын өлімнің тұрақты өсуін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі 2 тамыздан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалаларында қосымша шаралар қабылдауды ұсынды. Оның ішінде, орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, меншік нысанына қарамастан, Ashyq-қа қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін тоқтата тұруды ұсынды. Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды өткізуге тыйым салуды ұсынды.

Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің 80%-ы үшін қашықтан жұмыс істеу нысанын сақтауды сұрады. «Ашыққа» қатысатын жобалар үшін қызметті 20-00 сағатқа дейін, «Ашық» көшбасшылары үшін қызметті 22-00 сағатқа дейін шектеу ұсынылды. Бұл ретте құқық бұзушыларға қойылатын талаптарды күшейту: чекин кезінде 0-ден 20-ға дейін 1 айға алдын ала ескертусіз, құқықбұзушылыққа қайта жол берген кезде 2 айға жобадан шығару ұсынылды.

 
Серіктес жаңалықтары