$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.07.2021, 15:56
Жаңалықтар

Игорь Сонның ата-анасы ұлын емдету үшін үш жылдан бері Кореяда тұрып жатыр

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сонның анасы сұхбат берді

Игорь Сонның ата-анасы ұлын емдету үшін үш жылдан бері Кореяда тұрып жатыр
Игорь Сон, зілтемірші

Токио Олимпиадасында 61 келі салмақ дәрежесінде қола жүлде иеленген қазақстандық зілтемірші Игорь Сонның анасы Татьяна Ким Inbusiness.kz сайтына сұхбат берді.

«Кешеден бері тілшілер мен туыстардың барлық құттықтауларын өзім қабылдап, өзім жауап жазып отырмын. Сергейдің (жұбайы - ред.) қазір жұмыстан қолы тимей жатыр.

Біз негізі Үштөбе қаласының адамдарымыз, алайда соңғы үш жыл болды Оңтүстік Кореяда тұрып жатырмыз. Сондықтан да кеше телекөрсетілім барысында қобалжып, Игорьдың жолына сәттілік тілеп отырдым. Сан алуан эмоцияларды бастан өткеріп, бүкіл өмірім көз алдымнан өтті. Баламның топ жарып, Қазақстан қоржынына медаль алғанына дән ризамын», - дейді ол жауабында.

Олимпиада жүлдегерінің ата-анасы Игорьден кейінгі ұлын (БЦП-ға шалдыққан) емдету үшін Оңтүстік Кореяға барып, үш жылдан бері сонда тұрып жатыр екен.  

«Әр екі апта сайын ауруханаға келіп жатып, ем қабылдаймыз. Мен үнемі баланың қасында болғандықтан жұмыс істей алмаймын. Әрбір емі үшін орташа есеппен 500 АҚШ долларын құрайды. Тапқан-таянғанымызды осы баланың еміне салып жатырмыз», - дейді Игроьдың анасы.

Татьяна Кимнің айтуынша, Игорь бала күнінде шахмат үйірмесіне барып жүрген. Негізі әу баста Игорьдың ағасы ауыр атлетикамен шұғылданған екен.

«Бапкерлер Игорьдің ағасына дене-тұрқың келмейді деп тыйым салды. Сосын ол Игорьді қасынан тастамай алып жүрді. Сүйтіп жүргенде осы спортпен кәсіби түрде айналысты. Әйтпесе басында ол шахмат үйірмесіне барып жүрген. Үлкен ұлымыздың бапкері болған Леонид Валентинұлы Игорьді мақтап, оның бойында таланты бар деп, Үштөбедегі үйірмеде алып қалды. Сондықтан да, алғашқы бапкері болып баламды осы спортқа баулыған Леонид Мун мырзаға алғысымды айтқым келеді.

Сосын айта кетуім керек Игорьдің өзінің де мінезі ауыр. Кейде шарт-пұрт кетіп, кейде жұмсара қалады. Басты мінезі - табандылығы. Алған ісінен бас тартпайды. Қайтпайтын, өз дегеніне жетпей қоймайтын адам. Соның арқасы шығар спортта жетістікке жетті. Бір өкініштісі кеше ол медаль жеңгенде қасында бола алмадым. Әлі де бара алмай отырмын. Кеше әлеуметтік желіде оны құттықтап жатқан адамдардың көп екенін көріп қуандым. Қазақстандағы барша спорт жанкүйерлері «Игорь Сон жарайсың!» деп ақжарма тілегін айтып жатыр. Мен соның барлығын шетте отырып көріп-ақ бақыттымын», - дейді Татьяна Ким.

Серіктес жаңалықтары