Елімізде жыл басынан бері 486 тұлға сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылған
Жыл басынан бері 116 лауазымды тұлға пара алғаны үшін сотталған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет биылғы жарты жылдағы жұмысын қорытындылады. Биыл ведомство 874 тергеу жүргізіп, оның ішінде 694 іс сотқа жеткен. 101 лауазымды тұлға ұсталды, деп хабарлайды Антикордың Telegram парақшасында
Биылғы жылдың басынан бері 486 тұлға сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылған. Оның 116-сы – пара алғаны үшін, 211-і – пара бергені үшін, 12-сі – делдал болса, тағы 67-сі – а лаяқтық, 33-і – бюджет қаржысын жымқыру, 32-сі – қызметін асыра пайдаланғаны үшін сотталған.
Жемқорлық жасаған 114 қызметкер бас бостандығынан айырылды, 47 тұлғаның бас бостандығы шектелді. 288 лауазымды тұлғаға аса ірі көлемде айыппұл салынды, олар мемлекетке 1,5 млрд теңгеден астам айыппұл төлейді.
464 адам белгілі бір қызметті атқару құқығынан айырылса, сот 94 адамның арнайы әскери немесе құрметті атағын және мемлекеттік наградасын алып қойды. Бесеуінің мүлкі тәркіленді.