ҚТЖ Маңғыстау өңіріне жіберілетін шөпті тегін тасымалдайтын болды

Ұлттық компания еріктілер жинаған шөпті тегін тасымалдау туралы шешім шығарған

ҚТЖ Маңғыстау өңіріне жіберілетін шөпті тегін тасымалдайтын болды
Фото: ашық дереккөзден

Өткен аптада еріктілер Маңғыстау облысындағы мал азығына мұқтаж аудандарға шөп жеткізуге көмектесуді сұрап әлеуметтік желілер арқылы «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ басшылығына шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, оған дейін жергілікті жүк жөнелтушілердің көмегімен 9 шілде күні Арыстан екі вагон шөп жіберілген.

«12 шілдеде Ұлттық компания мен «Қазтеміртранс» АҚ («ҚТЖ» ҰҚ» АҚ еншілес мекемесі) басшылығының тапсырмасы бойынша тез арада вагондар қарастырылып, жеке экспедитор компаниялардың қаржылай қолдауымен шөп тиелген 5 вагон батыс өңірге жіберілді. Ізінала еріктілер шөп басатын вагондар санын көбейту жөнінде тағы да ұсыныс жасады», - делінген ҚТЖ баспасөз хабарламасында.

2021 жылдың 16 шілдесіне дейінгі шұғыл ақпарат бойынша, серіктестер «Шынгар Транс» ЖШС, «Проммаш KZ» ЖШС, «Integra Construction KZ» ЖШС, «Бастау Транс»ЖШС қаржылай қолдауымен Арыс және Сарыағаш станцияларынан батысқа 10 вагон жөнелткен.

«Тағы 30 вагонға қосымша өтініш түсті. Вагонға деген сұраныс әлі де көбеюі мүмкін. Күрделі жағдайды ескере отырып, ұлттық компания вагондар мен локомотивті қоса алғанда еріктілер жинаған шөпті тегін тасымалдау туралы шешім шығарды», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.