ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

Нұр-Сұлтанда КВИ жастар арасында көбейіп барады

Ауруханаларда 20-29 жас аралығындағылар үлесі 17 пайызды құрайды 

Соңғы бірнеше күнде Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Қалада күніне 1,5 мыңнан астам адамнан КВИ инфекциясы анықталады. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов журналист Динара Сәтжанмен сұхбат барысында елордалық денсаулық сақтау жүйесінің науқастарды емдеу жолы, сол сияқты вакцинациялау жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Тимур Мұратовтың айтуынша қазір КВИ жұқтырған 2,2 мыңнан астам пациент қалалық стационарларда емделуде, тағы 8 мыңға жуық адам өз үйінде медициналық көмек алып жатыр.

Демалыс күндері қала тұрғындарының жаппай қала сыртына демалуға шыққанда санитарлық талаптарды сақтамауы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әсер еткен.

«Біз аурудың ең күрделі кезеңінде тұрмыз. Өкінішке қарай, науқастар арасында жастар көп. Өткен жылдың осы кезеңінде ковидтік ауруханаларда 20-29 жас аралығындағылар үлесі 2% құраса, қазір 17 пайызға дейін өсті. Қазір 80 бала стационарда жатыр, олардың өкпесі зақымданған, тиісінше тәулік бойы медициналық емдеуді қажет етеді. Бұл бізді қатты алаңдатып отыр», - деді Тимур Мұратов.

Жедел медициналық жәрдем қызметіне үлкен ауыртпалық түсіп отыр. Өткен тәуліктің өзінде елорданың «жедел жәрдеміне» 3 800-ден астам шақырту түсті. Резервтік байланыс арналары қосылып, диспетчерлік пункттер ұлғайтылды. Сондай-ақ, қала бойынша 247 мобильді бригада жұмыс істейді.

«Қаламызда коронавируспен күресу үшін 15 стационар жұмылдырылды, 3,3 мыңнан астам төсек-орны ашылды. Өкінішке қарай COVID-19 індетін емдеуге қатысы жоқ ауруханаларды стационарға айналдыруға мәжбүрміз», - деп түсіндірді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, коронавируспен күрестегі басты қару – вакцинация. Сонымен қатар, ол вакцина вирустан толық қорғамайтынын, бірақ екпе алған адам ауырар болса жеңіл өткеретінін айтып өтті.