Қазақстанда балаларға Pfizer вакцинасы салынуы мүмкін

Елімізде 12 мен 18 жасқа дейінгі балалар саны –  шамамен екі миллион

Қазақстанда балаларға Pfizer вакцинасы салынуы мүмкін
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандық балаларға Pfizer вакцинасы егілуі мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. 

"Бүгінде әлемде қолданылатын барлық вакцина 18 жасқа дейінгі балаларға егілмейді. Әйтсе де Pfizer вакцинасы 12 жастан асқан балалар салынуда. Сондықтан біз қазіргі таңда балаларға вакцина салу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Өйткені Қазақстанда 12 мен 18 жасқа дейінгі балалардың саны –  шамамен екі миллион. Бұл аз емес. Оның үстіне елде үнді штамы таралып, соңғы уақытта балалар вирусты жиі жұқтырып жатыр", - деді Есмағамбетова брифингте.

Оның айтуынша, балаларға вакцина тек ата-анасының рұқсатымен ғана салынады.

Есмағамбетова америкалық Pfizer вакцинасы осы жылдың төртінші тоқсанында жеткізілетінін атап өтті.

Бұған дейін "Pfizer" компаниясымен вакцинаны Қазақстанға жеткізу бойынша алдын ала келісімге қол жеткізілгені хабарланды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.