Әр адам вакцина салдыра ма, жоқ па, өзі таңдайды – Манар Смағұл
Қазақстан бойынша 2 млн-нан астам адамға 2-ші компонент егілді
Коронавирусқа қарсы әлем бойынша нақты тиімді іс-шаралар қабылданып жатыр. Бұл індет ауыр өтеді және өлімге әкелуі мүмкін екендігі белгілі. Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің бірі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл журналистің сұрағына берген жауабында осылай деді.
Спикер денсаулыққа байланысты қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда, екпе салдыруға шақырды.
«Қазақстан бойынша 2 млн астам адамға 2-ші компонент егілді. Олардың арасында вирус жұқтырғандар саны тек 0,04 % ғана құрайды. Бұл да нақты көрсеткіштің бірі. Дәрігерлер ақпараттық жұмыстар жүргізуде. Халыққа нақты деректер беретін адамдардың сөзіне сеніп, шешім қабылдау керек. Әр адам вакцина салдыра ма, жоқ па, өзі таңдайды. Мысалы, егемін немесе мүлдем екпе салдырмаймын десеңіз, онда індет біткенше оны жұқтырмас үшін үйден шықпаңыз, не болмаса, 7 күн сайын ПТР-тест тапсырыңыз. Сонымен қатар, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, маска тағу, қол жуу сияқты басқа да шараларды мндетті түрде қабылдау қажет. Бұл талаптар жаңа штамдарды жұқтырмас үшін вакцина қабылдаған адамдарға қойылады. Себебі әлі ұжымдық иммунитет қалыптасқан жоқ», - деді Смағұл.
Оның айтуынша, вакциналарды сынау мерзімі емес, вакцинаны тіркеу мерзімі қысқартылды. Бұл пандемияға байланысты қабылданған шешім. Бірақ вакцинаның қауіпсіздігіне, бүкіл клиникалық зерттеуіне қойылатын талаптар орындалды. «Спутник V» және «QazVac» вакциналарының 3-ші кезеңі 4-ші кезеңмен бірге өткізілді. Бүгінгі күні бұл шешім өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.