$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.07.2021, 13:37
Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда тағы бір аурухана ковидтік стационарға айналды

Қалада науқастар саны артып келеді

Нұр-Сұлтанда тағы бір аурухана ковидтік стационарға айналды
Фото: ашық дереккөзден

Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және COVID-19 ауруының өсуіне байланысты Нұр-Сұлтанда тағы бір қалалық аурухана инфекциялық стационарға айналды.

Енді №1 Көпбейінді қалалық аурухана 9 шілдеден бастап коронавирустық инфекциясы бар пациенттерді қабылдайды. Онда 600 төсек-орын орналастырылған. Бұл шара төсек-орындарының жеткіліксіз болуы себепті қабылданды, деп түсіндірді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

«Өкінішке орай, біз тағы бір қалалық ауруханада жоспарлы госпитализацияны тоқтатуға, оны ковидтік стационарға айналдыруға мәжбүр болып отырмыз. Себебі инфекция жұқтырғандар саны азаймай тұр. Барлық пациент ауыстырылды. Алдағы уақытта оларды қаланың республикалық және ведомстволық клиникаларына жібереміз», - деп түсіндірді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Осылайша қала тұрғындарын ауруханаға жатқызу стационарлардың кезекшілігіне сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ, гинекологиядан бөлек, тәулік бойы және күндізгі стационарға жоспарлы жатқызуды №2 Көпбейінді қалалық аурухана да уақытша тоқтатады.

Өткен жазда №1 Көпбейінді қалалық аурухана КВИ науқастарын емдейтін стационарға ауыстырылған болатын. Ал тамыз айының соңында коронавирустық инфекциясы бар соңғы науқас шығарылған соң бұрынғы профильдік жұмысына қайта кіріскен.

«Эпидемиологиялық жағдай нашарлап барады. Соңғы аптада біз үш аурухананы инфекциялық стационарға ауыстырдық. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай туралы тұрғындардың инфекция жойылды, карантинді ұмытуға болады деген пікірі бізге ауыр тиеді. Елорда наурыз айынан бері «қызыл» аймақтан шықпағанын тағы да еске салып өтейін. Бұл көрсеткіш тұрғындарымыздың санитарлық талаптарды сақтаудағы жауапкершілігіне тікелей байланысты», - деп түйіндеді ведомство басшысы.

Тимур Мұратов тәулігіне ауруханаға жатқызылғандардың саны 300 адамға жеткенін атап өтті. Айтуынша, пациенттер ауыр және өте ауыр күйде түсіп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, өткен демалыс күндері инфекциямен ауырғандардың көбеюіне байланысты қосымша екі аурухана инфекциялық стационарға ауыстырылған: қалалық психикалық денсаулық орталығы және ҚР Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталі. Ал жалпы төсек-орын саны: 300 орын.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 9 шілде күні инфекциялық стационарларда барлығы 2 007 науқас жатыр, бұл төсек жүктемесінің 81%-ын құрайды. Оның ішінде 156 адам (139 КВИ) реанимация бөлімшесінде (жүктеме 78%), 28 пациент өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. БМСК ұйымдарында 7 088 науқас коронавирустық инфекция бойынша ем алып жатыр.

Серіктес жаңалықтары