Қызылжарда салынып жатқан қазақ театрының құрылысы екінші рет тоқтап қалды
Ғимаратты салуға бюджеттен 3 млрд 50 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген

Петропапвл қаласында салынып жатқан қазақ теартының құрылысы тоқтап қалды. Жағдай осымен екінші рет қайталанып отыр. Ауданы 13 мың шаршы метрге жуық ғимаратты салуға бюджеттен 3 млрд 50 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ҒИМАРАТ ЖОБАСЫ ТҮЗЕТУГЕ ЖІБЕРІЛДІ
Қазақ театрының ғимараты «Жас өркен» шағын ауданында салынып жатыр. Мәдениет ордасын тұрғызу үшін ескі үйлер сүріліп, жаңа ғимараттың іргетасы құйылған еді. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған. Жоспар бойынша араға екі жыл салып, халық игілігіне тапсырылуы тиіс еді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов журналистердің қатысуымен өткен жиында жаңа нысанның жобасын таныстырып, оның ашылу салтанатына халықаралық деңгейдегі әнші Димаш Құдайберген шақырылатынын айтқан болатын. Алайда құрылыс жұмыстары бір емес, осымен екінші рет тоқтап қалды.
«Заң бойынша құрылыс материалдыры 10 пайызға қымбаттаса, мерігер компания қосымша қаражат бөлуге өтінім бере алады. Қазақстанда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғарылап кетті. Сондықтан жаңа жоба сараптамаға жіберілді. Ол шілде айында дайын болады. Тамыз айында тағы ақша бөлініп, жұмыс жалғасады деп ойлаймын. Қанша қаражат бөлінетінін бюджеттік комиссия қарайды. Мердігер 500 млн теңге сұрады. Түзету жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс компаниясы көңілден шықпады. Жұмыс дұрыс жүрмей, сот болды. Олармен келісімшартты бұзуды жоспарлағанбыз, алайда орнына басқа компания табу қиынға соғатындықтан бастапқы ойымыздан айныдық. Әрі құрылыс сапасына берілетін кепілдеме бар», - дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Мұхамадиев.
Құрылыс алаңында мүлгіген тыныштық. Күзетшілерден басқа ешкімнің қарасы көрінбейді. Жұмыс бірнеше айдан бері тоқтап тұр. Материал әкелінгені де байқалмайды.
«Ғимараттың шатырында аздаған кемшіліктер бар. Жобасы түзетуге жіберілді. Құрылыс материалдарының бағасы көтерілді. Осы екі себепке байланысты жұмыс тоқтады. Нысанда 70 адам жұмыс істеген. Оның барлығын таратып жібердік. Енді құрылыс қайта жанданса, жұмысшыларды қайта жинау керек. 2020 жылдың қазан айында осында қызметке кіріскем. Жыл басынан қаржыландыру болған жоқ. Тапсырыс беруші шатыр жабынымен бірге ішкі дизайнды да өзгертіп жатыр», - дейді «DBK-Engenering» құрылыс компаниясының өкілі Ерлан Омарханов.
АСАДА ОРНАЛАСҚАН ТЕАТР ҒИМАРАТЫ ТАР
Петропавлда қазір жұмыс істеп тұрған қазақ театры 2000 жылы ашылған болатын. Бұрын энергетиктер сарайы болған шағын ғана ғимарат. Жаңа нысанның іске қосылуын театр труппасы ғана емес,көрермендер де күтіп жүр.
«Өзім осы, «Жас Өркен» шағын ауданында тұрамын. Үйім театрға жақын. Мәдениет ордасына жиі барып тұрамын. Жаңа ғимараттың ашылуын күтіп жүрміз. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры актерлерінің жұмысы көңілімнен шығады. Кәсіби деңгейі жоғары. Әр қойылымға барған сайын ерекше әсер алып қайтамын. Труппа драматургия үшін жаңа бағыт – саунддрама жанрында да жұмыс істеп жатыр. Ол үшін сахна кең болуы тиіс. Тек тар сахна олардың бұдан да жақсы өнер көрсетуіне кедергі деп ойлаймын. Енді құрылыс саласындағы мамандар күш салып, жаңа ғимарат халық игілігіне берілсе нұр үстіне нұр болар еді», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Тілеген.
Ескі театр 200 орынға шақталған. Асылхан Рәзиев – тәжірибелі актерлердің бірі. Ол көне ғимараттың заманауи талаптарға сай келмейтінін айтты.
«Театрдың қазіргі ғимараты біз үшін ыстық. Қызметімді осында бастадым. Алғашқы көрерменіммен қауыштым, тәжірибе шыңдадым. Кезінде энергетиктер сарайы болған шағын ғана, жайлы ғимарат. Жай ғана ведомстволық мәдениет орнына жарап жатыр. Ал театр талаптарына сай келмейді. Сахна, сахна сырты аядай ғана. Әрі тұрған жері де қолайсыздау. Қазақ театры қала орталығында жарқырап тұрса, көрерменіміз де көп болар ма еді деп ойлаймын. Мәселен, Погодин атындағы орыс драма театры сынды. Оның сыртқы келбетінің өзі адамның көзін еріксіз тартады. Сондықтан екі жылдан бері жаңа ғимараттың ашылуын күтіп жүрміз. Театр – үй емес. Оны салудың өз ерекшеліктері, өз талаптары бар. Құрылыс жұмыстары тоқтап, мердігерлер ауысып жүргенде залдың акустикасы нашарлап кетпесе болғаны. Кез келген сахна үшін бұл өте маңызды көрсеткіш», - дейді актер.
Облыстық әкімдік өкілдері ғимараттың жобасы түзетуге жіберілгенін жасырмады. Ол қабылданса, құрылысқа қосымша 500 млн теңге бөлінеді. Алайда шатырда олқылықтардың барын жоққа шығарды. Жаңа театр 500 орынға арналған. Алғашқы жоспарға сай мәдениет ордасы 2020 жылы халық игілігіне берілуі тиіс еді. Құрылыс мерзімі осымен үшінші рет шегерілмек.
500 млн теңге – аз қаражат емес. Мердігер нысанды тапсырудың мерзімін өткізіп алды. Құрылыс компаниясың жұмыстың созылып кеткенініне әкімдікті айыптайды. Жауапты басқарма – мердігерді. Ал шығын мемлекет қазынасына келмек.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО