ШұғылКоронавирус және пневмония: өткен тәулікте 102 адам көз жұмды

Алматыда бюджет ақшасына отырғызылған қымбат ағаштар суарылмай қурап жатыр

Әкімдіктегілер қураған ағаштардың нақты санын да білмейді

Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Алматыдағы саябаққа отырғызылған шыршалар шетінен қурап жатыр. Бұл ағаштарды жергілікті әкімдік арнайы бағдарлама аясында қыруар қаржы бөліп отырғызған, алайда күтім жасауды ұмытып кеткен сыңайлы. Аптап ыстықта су көрмеген көшеттердің басы сарғайып, біразы мүлдем өліп қалған деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Күтім көрмей қурап жатқан жердің бірі - Саялы шағын ауданындағы саябақ. Жолдың жиегіне жағалай отырғызылған жасыл шыршалар орманға айнала бастаған еді. Қала әкімі мен оның орынбасары былтыр дүйім жұртқа мегаполисте 250 мың жасыл желек отырғызылатынын жариялаған еді.

«Біз көктемде 8 мыңға жуық ағаш пен 110 мың гүлзар отырғыздық. Күзде 250 мың жасыл желек отырғызуды жоспарлап отырмыз. Оның 218 мыңы - жапырақты ағаштар, 4 мыңы - қылқан жапырақты ағаштар», - деген еді Алматы қаласы әкімінің сол кездегі бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға арналған жиында.

Былтырғы жоспар бойынша отырғызылуы тиіс 250 мың ағаштың 222 мың көшеті егілген. Әкімдіктен бөлек қалың бұқараға да ерікті түрде ағаш өсіруге мүмкіндік берілді. Алайда, ағаш егілуіндей егілгенімен, оны күтіп-баптау ешкімнің ойына келмеген сияқты.

Саялы саябағындағы ағаштардың бір бөлігін суаруы тиіс қызметкер көк тракторын қаңтарып қойып, бір бұтаның түбінде ұйықтап жатыр екен.

«Мен мына жерлерді ғана суарам, анау қурап жатқан ағаштар менің аймағым емес, ол жаққа бармаймын. Трактордың тіркемесінде су тұр, көмекші жоқ, кетіп қалған. Ағаштарға су шашатын шланг сол жігітте, күніне он бөшке су шашуымыз керек, суды өзен жақтан аламыз. Мына мен суаратын ағаштарға Самғау компаниясы жауапты», - деген Бақыт ағаштың түбіне қисая кетіп, ұйықтауды жалғастырды.

Әкімдіктің ақпаратынша, Алматыда 2,2 миллионға жуық жасыл желек бар, ауданы - 1 427 гектар. Бұл көрсеткішті 2 мың гектарға жеткізу, ағаштардың санын 3 миллионға дейін көбейту жоспарланған. Алайда, егілген ағаштар қараусыз қалып, еңбек далаға кетіп жатыр.

«Алматының Жасыл экономика басқармасы өткізген тендерге қатысамыз. Қанша қаржы ұтқанымызды айта алмаймын, сатып алынған әр ағаштың бағасын да қазір айта алмаймын. Былтыр қаланың үш ауданына қарасты аумаққа 222 мың 447 ағаш отырғыздық: Алатау ауданында - 176 704 ағаш, Түрксіб ауданында 40 мың 213 түп ағаш. Наурызбай ауданында 5 530 ағаш отырғыздық. Ағаштарды отырғызу және олардың бір жылдық күтімі үшін әкімдіктен тендер арқылы ақша аламыз. Күзде кеш отырғызылғандықтан қыста ағаштардың тамыры үсіп қалған. Қурап жатқан қарағайлардың ұзындығы 2 және 2,5 метр.

Саялы саябағындағы бұл ағаштар екі жыл бұрын күзде отырғызылған. Оларды қарауға біздің мердігер компания жауапты. Қылқан жапырақты ағаштар, қарағай, шыршаларды күн ысығалы кешкі уақытта суаруға ауыстырдық. 115 су таситын техникамыз бар. Өзен бойындағы ағаштарды қозғалтқыш сорғымен (мотопомпа) суарамыз. Саялыдағы үйлердің аулаларында  550 ағаш егілген, ал мұндағы саябаққа 2020 жылдың күзінде 2280 қарағай отырғызылған. Ағаш егілген жердің жалпы аумағы 18 гектар. Қарағайларға - біз, ал теректерге Алатау ауданының әкімдігі жауапты. Ағаштардың қурап жатқанын жоққа шығармаймыз»,  - деді «Қазақ саңырау-мылқаулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі директорының орынбасары Мақпал Бейісбекова.

Оның айтуынша, Жасыл экономика басқармасының тендері арқылы қомақты ақша алып отырған 8 ірі компания бар. Одан бөлек әр аудан мердігер мекемелер үшін тағы тендер өткізеді. Олар Алматыдағы жүздеген мың ағаштың күтіміне жауапты. Қаладағы әрбір ағашқа күніне 50-60 литр су құйылу керек. Алайда, апталап суарылмаған ағаштар қураған бұтаға айналған.

Қараусыз қалған ағаштардың жаппай қурауы Наурызбай ауданында да кездеседі. Аудандағы жауапты тұлғалар Абай даңғылының бойындағы қураған ағаштарға мән бермей келеді. Шөппен бірге қурайға айналған ағаштардың күн ыстықта өртеніп кеткендері де бар.

«Аудан бойынша ағаштардың күтіміне жауапты 24 мекеме бар. Кесілген ағаштардың орнына өзге ағаштарды өсіртіп, оны да  бақылаймыз.Былтыр  бюджеттік бағдаралма бойынша 222 мың ағаш отырғызылды. Ол ағаштардың 10-15 пайызы өспей қалған. Ағаштарға тыңайтқыш беретін, зиянкестерден емдейтін көптеген мекеме бар. Аптап ыстық басталғалы 10 күннен асты, жұмыс екі есеге көбейді. Қуарған ағаштарға мониторинг жүргізіп жатырмыз», - деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас Жаңысбаев.

Былтыр 250 мың ағаш егеміз деп дүрліккен әкімдік жоспарды толық орындай алмаса да, биыл бюджет ақшасына тағы 350 мың ағаш отырғызуды жоспарлапты. 2022 жылдың соңына дейін қаладағы жас ағаштардың санын 1 миллионға жеткіземіз деген әкімдік оларды да қараусыз қалдырса, бюджеттің тағы қанша ақшасы желге ұшатынын ойлаудың өзі қорқынышты.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы