Өзбекстанда бұқаралық іс-шараларға тыйым салынды
28 маусымнан бастап Ташкент екі апталық карантинге жабылды.
Өзбекстанда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты барлық бұқаралық іс-шаралар уақытша тоқтатылады деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шешім коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы республикалық комиссияда қабылданды.
«Мұнда барлық мерекелік бұқаралық іс-шаралар, спорттық шаралар сондай-ақ, концерттер, фестивальдер, театр және кинокөрсетілімдер туралы айтылып отыр. Шараның қай жерде өтетіні – ашық алаңда немесе жабық ғимаратта ұйымдастырылуы маңызды емес, бәріне бірдей шектеу қойылады. Ал спорттық жарыстарды жанкүйерлерсіз өткізуге болады» делінген хабарламада.
Сондай-ақ, 1 тамыздан бастап Өзбекстан аумағында той, жерлеу және басқа да отбасылық шаралар өткізу кезінде санитарлық-гигиеналық ережелер қатаң сақталуы тиіс. Оған қатысушылар саны 50 адамға дейін шектеледі.
Бұл талаптар коронавирус бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанша күшінде болады.