Мектеп және балабақша директорлары жаңа жүйемен тағайындалады – министр
Мектепке дейінгі, орта, арнаулы орта оқу орындарының басшыларын ротациялау арқылы ауыстыру жүйесі қолданылады
Қазақстанда Мектеп және балабақша директорлы жаңа жүйемен тағайындалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2025 жылға дейін Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын таныстырған Білім және ғылым министрі айтты.
«Білім беруді басқару, қаржыландыру да өте өзекті проблемалардың бірі. Осыған орай 2021 жылдан бастап аудандық білім бөлімдерін басқару облыстық деңгейге ауысады. Қаржыландыру да облыстық деңгейге көтерілетін болады. Ол өңірлер мен мекемелер арасындағы білім алшақтығын азайтуға, жеткілікті деңгейде қаржыландыруға бағытталады», - деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар министр соңғы кездері білім беру мекемелерінің басшыларын тағайындау тәртібіне қатысты сұрақтар көбейіп отырғанын айтты.
«Мысалы бірқатар ұйым басшысы 20 жылдан астам уақыттан бері бір орында жұмыс атқаруда. Басқару менеджменті бойынша да бүгінгі күні шынын айту керек, сұрақтар көп және бұл мәселе сын көтермейді. Сондықтан балабақша, мектеп, колледж директорларын жаңа жүйеде тағайындайтын боламыз. Оған қоса, алдағы уақытта ротациялау арқылы ауыстыру жүйесін де қолданамыз. Заманауи талаптарға сәйкес дербес басқарудан корпоративті басқаруға білім саласы да көшетін болады», - деді ол.