Елордада мерекелік демалыс күндері қандай іс-шаралар өтеді
Іс-шараның бәрі санитарлық нормалар мен талаптарды қатаң сақтай отырып өткізіледі
Алдағы мерекелік демалыс күндері түрлі қызықты іс-шараларға толы болмақ. Қала тұрғындары мен қонақтарын гала-концерттер, спектакльдер және басқа да көптеген әсерлі кештер күтіп тұр. Олардың көпшілігін үйден шықпай-ақ онлайн көруге болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
1-6 шілде аралығында қаланың елді мекендерінде «Думанды керуен» көшпелі концерті өтеді.
5 шілдеде сағат 20.00-де «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының әртістері Амфитеатр сахнасында Доницеттидің «Дон Паскуале» буффа-драмасын көрсетеді. 6 шілде күні осы уақытта «Астана Опера» опера және хор солистерінің гала-концерті өтеді.
5-7 шілде аралығында Мемлекеттік академиялық филармонияның шығармашылық ұжымдары Есіл өзені бойындағы пароходта өтетін «Есіл толқыны» мерекелік концертінде өнер көрсетеді. Оған Ғ. Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті, халық әні, классикалық және эстрадалық вокал бөлімдері, «Қорқыт» этно-ансамблі қатысады.
6 шілде күні Филармонияның симфониялық оркестрі мен камералық хоры «Астана» концерт залының сахнасында «Ne_prosto_production»-мен бірлесіп ұйымдастырған «NARUTO AVATAR» концертінде өнер көрсетеді.
Бейбітшілік және келісім сарайында қонақтарды бірегей ғимарат ішінде дәстүрлі экскурсия күтеді. Келушілерді 5-10 шілде аралығында таңғы 10-нан 18.00-ге дейін қабылдайды.
Сондай-ақ, сарайдың 6-қабатында орналасқан «Құланшы» заманауи өнер орталығында 5-9 шілде аралығында «ОНА» бейнелеу өнері көрмесін тамашалауға болады.
Тәуелсіздік сарайында 5-11 шілде аралығында «Нұр-Сұлтан бейнелері» көркемөнер көрмесі, сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Елордаға сыйлықтар» кәдесыйлар көрмесі жұмыс істейді.
Елордалық театрлар да мерекелік демалыс күндеріне түрлі бағдарламалар дайындады.
М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры 5 шілде күні сағат 19.00-де Р.Баэрдің «Аралас сезімдер» мелодрамасын көрсетеді. 7 шілдеде сағат 19.00-де театр ұжымы театр маусымының 120-шы мерейтойлық салтанатты жабылуына шақырады, онда В.Шукшиннің «Светлые думы» әңгімесі бойынша сахналық фантазиясын қояды.
«Nomad City Hall» театры 6 шілде күні сағат 19.00-де М.Әуезовтің «Жас Абай» драмасын көрсетеді.
Премьераны елордалық қуыршақ театры ұсынады. Г. Х. Андерсеннің «Тумбелина» ертегісін 6 шілдеде сағат 14.00-де және 16.00-де, 9 шілдеде 16.00-де, сондай-ақ 10-11 шілдеде 12.00-де және 14.00-де көруге болады.
4 шілде күні сағат 20:00-де қала амфитеатрында «Наз» мемлекеттік би театры Абай Құнанбайұлының «Әзім әңгімесі» желісі бойынша хореографиялық спектаклін қояды. Қойылымды 7 шілде күні де сағат 19.00-де театрдың өз ғимаратында да көруге болады.
5-9 шілде аралығында Сәкен Сейфуллин мұражайы дәстүрлі түрде әлеуметтік желілердегі парақшаларда бейнеэкскурсияны, «Еңселі Елорда» фотокөрмесін, «Үш бәйтерек» айдары аясында С.Сейфуллиннің «Қырда» шығармасын оқып беретін бейнеролик жариялайды. Сондай-ақ, «Ғалымдардың Сәкенге көзқарасы» айдарында Т.Кәкішовтің еңбектерінен үзінділер, «Сәкенді көзімен көргендер» санатынан естеліктер көруге болады.
Бұл күндері елордалық кітапханалар поэзия мен тарих сағаттарын, мульткинозал, Елорда күнін тойлауға арналған дөңгелек үстел және өлкетану сабағын өткізеді. Сонымен қатар, әр демалыс сайын орталықтандырылған кітапхана жүйесі Ашық аспан астындағы кітапхана ұйымдастырады.
6 шілде күні Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің Instagram (museumalzhir) және Facebook («Нұр-Сұлтан қаласының Біріккен мұражайлар дирекциясы» МКҚК) парақшаларында Астана күніне арналған «Тарихы терең Елорда» көрмесі ұйымдастырылады. Мұнда 6-9 шілде аралығында «Тарихы терең Елорда» және «Астана – балалар көзімен» тақырыптарында дәрістер өткізіледі.
5 шілде күні сағат 15.00-де Астаналық цирк Ұлттық домбыра күніне арналған онлайн іс-шараға шақырады.
«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені өзінің ресми әлеуметтік желілердегі аккаунттарында 5 шілде күні сағат 12:00-де «Шақпақ ата жерасты мешіті» онлайн экскурсиясын өткізеді, келесі күні дәл осы уақытта мерекеге орай «Әлем картасындағы жаңа елорда» ақпараттық материалы жарияланады. 10 шілде күні келушілер «Абылай хан резиденциясы» онлайн экскурсиясын тамашалай алады.
Айта кетейік, іс-шараның бәрі санитарлық нормалар мен талаптарды қатаң сақтай отырып өткізіледі. Амфитеатрдағы концерттерге және қаланың басқа да ашық алаңдарына кіру «Ashуq» қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.